Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ашық жараны дәрісіз таңған": Ақтөбе ауруханасы күйік шалған 3 жасар қызды бір ай бойы емдемей мүгедек қылды деп айыпталды (видео)

Ақтөбе облысында 3 жасар Балымның аяғы қатты күйіп, салдарынан жүре алмай, мүгедектік алған. Балымның ата-анасының айтуынша, аурухана оған ота жасамай, уақытын созғандықтан, бүлдіршіннің жағдайы ушығып кетті. Олар аурухананы сотқа беріп жеңген еді. Алайда аурухана шешіммен келіспей, апелляциялық сотқа жүгінді. Енді олар шешім өзгеріп кете ме деп алаңдаулы. Бүлдіршіннің ата-анасы Stan.kz редакциясына жүгініп, әділдікті сұрайды.

Фото отбасының жеке архивінен

Былтыр 24 маусымда садақа кезінде Балымның үстіне сорпа төгілген. Белінен бастап бөксесі, жамбасы, аяғы, табаны күйіп қалған. Дереу жедел жәрдем шақырып, Ақтөбе көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жатқан. Алайда Балымның анасы Гүлдерай Ғаділшина ауруханада ешқандай шара қолданылмай, 1 ай ем-домсыз әшейін жатқанын айтады. 

“Бірден "Левомиколь" жақпамайын, жабысқақ сылақ, таңғыш және "Броналинд Н" арнайы таңғышын сатып алуға міндеттеді. Ең сорақысы – ауырсынуды басатын дәрісіз ашық жараны таңып отырды. Дененің 30%-ын күйік шалған, соның ауырғанын 3 жасар қыз төзуіне тура келді. Оның қалай қиналғанын көрсеңіздер, жүрегің ауырады”, – деді қыздың анасы.

1 ай ота жасалмағандықтан, 24 шілдеде таксимен Ресейге барып, Орынбор қалалық №4 ауруханасының күйік бөліміне жедел жатқызылды

“Ресейлік дәрігерлер 1 тәулік қансыраған баланың қанын тоқтатып, 26 шілдеде аутодермопластика отасын жасады. Бірақ ресейлік дәрігерлер отаның кеш жасалып жатқанын ескертті. Отаның кеш жасалуының салдарынан терісі мен сіңірлері тартылып, қызым мүгедек болып қалды, аяққа тұрып кете алмады”, – деді Ғаділшина. 

Тамызда ана Ақтөбе көпсалалы облыстық балалар ауруханасына Е-өтініш арқылы арызданған. Аурухана отаны кейінге шегеру себебін терінің донорлық бөліктерін кесетін Dermaton құрылғысының батарейкасы жоқ деп түсіндірді. Ол үшін аурухананың шаруашылықты қамтамасыз ететін орынбасарға ескерту берілген. 

Ана аурухананың бірден құрылғы жоқ екенін айтып, санавиация арқылы басқа қалаға жібермегенін, күнде “ертең” деп алдамсыратқанына наразы. 

“Дәрігерлер сонда нені күтті? Баланың өлімін бе? Бізден кейін ауруханаға күйік шалған бала түсті. Оның диагнозы 2-3 дәрежелі күйік, дененің 30%-ы күйген делінген. Ал ол ауруханаға түскеннен екі күннен соң балаға жараларды жабу отасы жасалды. Нәтижесінде бала 14 күннен кейін үйіне шығарылды. Ал менің қызыма неге осылай ота жасамады?”, – деді ана.

Ауруханамен соттасу процесі

Отбасы ауруханамен соттасып, 5 сәуірде жеңіп шыққан. Аурухана оларға 10 миллион теңге төлеуге міндеттелген. Алайда Ақтөбе көпсалалы облыстық балалар ауруханасы апелляциялық сотқа арыз жазып, соттасу процесі қайта басталды.

Аурухана тарапы сот-медициналық, тағайындауды талап еткен және судья мұны қабылдапты. Гүлдерай Ғаділшина сараптаманың Астана немесе Алматыдан өтуін талап етсе де, сараптама Ақтөбеде жасалады екен. Енді әйел істің әділдігіне күмәні барын жасырмады.

“Ауруханада жатқан кезде жалғыз комбустиолог Қуантай Махамбетов ота жасауы керек еді, алайда ол келмеді, оны қаншама уақыт күттік. Ал сараптаманы осы Нұрлан Әбішев өткізейін деп тұр. Олар бір жүйеде, бірге ота жасасып, тығыз байланысып жүрген адамдар. Бұдан кейін сараптама бейтарап өтеді дегенге күмәнмен қараймын”, – деді Балымның анасы.

5 тамызда Балым психологиялық-психиатрлық сараптамадан өткен, алайда комбустиологты күтіп отыр. Сөзінше, олар тағы сараптама уақытын созып отыр. 

Балымның қазіргі жағдайы

Қазір Балымға бірнеше қалпына келтіру отасы жасалып жатыр. Одан бөлек арнайы америкалық "Реджевасил" гелін қолданып, күйіктен кейін арнайы компрессиялық ішкиім тіктіруге мәжбүр.

Фото отбасының жеке архивінен

Ақпанда тізе астына ота, жақында Алматыда үш кезеңдік ота жасалыпты. Сөзінше, аутодермопластика отасы кеш жасалғандықтан, қыздың барлық башпайы жоғары көтеріліп, шығып кеткен. Енді сол башпайларын бұрынғы күйіне қайтару үшін бір аяғын екінші аяғына тігу арқылы қалпына келтіру отасы жасалған.

Ана қызының жағдайын ушықтырған аурухананы жазаға тартқысы келеді әрі қызының оңалтуы мен моральдық зардабына қаржы беруі керек деп санайды.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі іс апелляциялық алқаның қарауында екенін мәлімдеді. Олар қазір сараптама тағайындалғанын айтты. 

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде мүгедек болып қалған қыздың ата-анасы ауруханадан 10 миллион теңге талап етіп, сотта жеңіп шыққаны айтылды. 

Талқылау