Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеуіңді кез-келген жерде қанағаттандырмасаң, тозақта жанасың": 15 жыл сәләфит болған әйел ағым туралы шындықты айтты

Алмара Қайратқызы 15 жыл бойы радикалды діни ағым құрсауында өмір сүрген. Жас кезінде "ақиқат жолы осы" деп сеніп, тұмшаланып, ағым өкіліне тұрмысқа шығады. Балаларын да бүркеп өсіріп, қоғамнан оқшаулайды. Ата-анасынан да алыстап, жалғыз мақсаты "жәннаттық болу” еді. Тозақ отына жанудан қорқып, осы уақытқа дейін қиындықтарға төзіп келген келіншек Stan.kz тілшісіне сұхбат берді.

“Мен бала кезден өте сезімтал, арманшыл қыз болдым. Қатарластарымнан үнемі оқшауланып, қиялдың жетегінде жүретінмін. Ата-анам Өскемен өңірінің тумасы. Кейіннен ол жақтағы баспанамызды сатып, Алматыға көшіп келдік. Мен оқу бітірген соң журналистика саласына оқуға түскім келген. Бірақ жақындарым мені қаржы саласында оқытты. Өзімнің қалауым орындалмағандықтан жылулық пен махаббатты діннен іздедім. Жиен інім бұрыннан намаз оқитын, сол бірнеше ұстаздардың тізімін беріп, Қадір түнін күтуімді сұрады. Сол күннен бастап мен орамал тағып дінге бет бұрдым” , – дейді Алмара.

Алмара Қайратқызы 21 жасында орамал киіп, мешіттерге барып көкейіндегі сұрақтарға жауап іздейді. Оның діннен өз орнын таппай жүргенін аңғарған сәләфи ағымындағы ағасы кеңес беріп, өз жолына тартады. 

“Мен сәләфи ағымында болдым. Радикалды діни ағымның түрлері көп қой. Біреулер жарылыс жасайды, енді бірі жылы сөздер арқылы баурап, өз қатарына тартады. Мұндағылар  “ахи”, “ухти” деген сөздермен өздерінің бауырмал екенін көрсетеді. Көшеде орамал таққан жанды көрсең жақыныңды көргендей ерекше әсерде боласың. Бастапқыда өзімді жайлы сезіндім. Ата-ана мен жақындарымнан көрмеген жылулықты осы жерден таптым десем болады. Кейіннен қарапайым адам секілді өмір сүруден қалдым. Ән тыңдау, сурет салу, тігін тігу секілді хоббиларымнан бас тартып, қара жамылып бөлмеден шықпайтын болдым. Уағыздарда түк істемей отырсаң күнә жасамайсың деп миымызға әбден сіңіріп тастаған. Осылайша өз болмысымды, өзімді ұмыта бастадым” , – дейді келіншек.

Алмара бар ықыласы дінге ауған соң, тұрмысқа шығуды ойлайды. Сөйтіп жиен інісі арқылы ағымдасымен үш рет кездесіп, некелеседі.

“Ата-анамның сөзі маған мүлде әсер етпейтін. Олар менің орамалыма қарсы болды. Ал ағымдағылар “егер сені біреу орамал шешуге мәжбүрлесе, олар жау” деп айтатын. Тіпті әке-шешең дін ұстамаса білімсіз, надан дегенді санама сіндіріп тастаған. Жақындарым қанша қарсы болғанымен, оларды жылатып, тұрмысқа шығып кеттім. Ағымда әйелдерге қоятын талап көп. Күйеуіңді қанағаттандырмасаң, тозақта жанасың. Тіпті айтқанын орындамасаң періштелер қарғайды деп санаңа сіңдіреді”, –  дейді Алмара. 

Тұрмысқа шыққан соң Алмараның жағдайы нашарлаған. Денсаулығы сыр беріп, екі баласы да туа біткен дертпен дүниеге келеді. 

“Қызыма денсаулығына қарамастан еркінен тыс орамал таққыздым. Бір күні Мысырдағы біз сүйіп тыңдайтын ұстаздан “құдай маған неге осындай сынақ беріп жатыр. Балам қашан жазылады”,- деп сұрадым. Ұлым мен қызымның құлағы естімейтін. Сондағы мен қасиетті санап жүрген ұстаздың айтқаны: “жақсы емес пе, балаң боғауыз сөз естімейді” деп жауап бергенде теріс жолда жүргенімді түсіндім. Бірақ тозақта жануға қорқып намазымды жалғастыра бердім”, – дейді ол.  

Алмара жолдасымен бірге Египетке көшіп, екі баласына да тек діни тәрбие береді. Заманауи білімге, еркін ойға, өмірге деген құштарлыққа жол жабылады. Тіпті кішкентай қызына еркінен тыс орамал тағып, оны да өзіне ұқсатып, "тозақтан құтқарғысы" келеді. Бірақ ол жерде өмір сүруі қиындап елге оралған. Қазақстанға қайтқан соң балаларының денсаулығына көңіл бөліп, ағымнан шығуға тырысады. Жолдасымен ажырасып, орамалын шешеді. Қазіргі таңда әлі де мамандармен жұмыс істеп, оңалту орталықтарына барып жүр.

“Айнаға қарағанда өзімнің өміріме балта шапқанымды түсініп, қатты қиналамын. Өзіммен қатар қыздардың дамып, жайнап жүргенін көргенде жастығымды қалай құртқаным есіме түседі. Орамалды шешіп, түрмеден шыққандай болдым. Қазір бақытты өмір сүруге тырысып жүрмін. Басқаларға теріс ағымға кіріп, өз өміріңе балта шаппа дегім келеді”, – дейді Алмара.

Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер. 

 

Гүлнара Мәлік
Сәрсенбі, 08 Қазан, 2025 20:29
Талқылау