"Күйеуімді 15 жыл бұрын түсімде көрдім": Айгүл Иманбаева күйеуге шыққанын растады
Танымал актриса Айгүл Иманбаева күйеуге шығып, ақ келін атанғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Подкастан скриншот
Өнер иесі болашақ жарымен оқуда жүргенде танысқанын “Мамский әңгіме” подкастында айтты.
“Мен күнделік жазамын. Күйеуімнің ойынан бастап, бойына дейін қандай адам болатынын жазып қойғанмын. Дәл сол орындалып кетті. Үнемі таныстарыма “Менің тойым шетелде болады. Төлқұжаттарыңды дайындаңдар” деп айта беруші едім. Сол да орындалайын деп тұр. “Болашақпен” оқуға кетіп бара жатқанда менің өмірімде ол адам болмады. Англияға барғанда менің ағылшыным өте нашар болды. Айналам тек ағылшынша сөйлейтін адамдар. Ол кезде қайдан жігіт ойлайсың?! Сабаққа баспен кірдім. Күйеуім 10 жылдан бері Америкада тұрады. Қызы Лондонда оқиды. Өзім секілді ажырасқан жігіт. Тағдырымыз ұқсас болып тұр. 1977 жылы дүниеге келген. Найман руының жігіті. Бірақ менен алты ай ғана кіші. Ортақ достарымыз арқылы таныстық. Ең алғаш көргенде “мына жігітті 15 жыл бұрын түсімде көрдім” дедім. Телефон алмастық. Менің әртіс екенімді білмейтін болып шықты. ҚазҰУ-дың филология факультетін бітірген. Мен журналистика мамандығында оқығанмын. Екінші мамандығы – ІТ саласы. Бірақ Алматыда кездеспеппіз”, – деді актриса.
Сонымен қатар өнер иесі болашақ жары үйленуге ұсыныс жасағанда ұлымен ақылдасқанын айтты.
“Жаңа жылды бәріміз Лондонда қарсы алғанбыз. Ұлым мен келінім, оның қызы да келді. Сол кезде ресми баламмен таныстырдым. Күйеуім ұсыныс жасағанда, “Асека, мен не істеймін?!” деп ұлыма бірінші хабарластым. Оның да жанына менің жалғыз жүргенім бататынын сезетін едім. “Мама, оның бойында ешқандай комплексі жоқ. Өзіне не қажет екенін біледі, ақыл тоқтатқан, білімді адам. Маған Ерлан аға ұнайды. Бақытты болыңыз” деді. Содан Лондонда неке қиылып, бас қостық. Қазіргі тапқан адамым – мәңгілік махаббатым. Саналы түрде шешім қабылдадым. Бақытты сәтімде ұлым да, құрбым да жанымнан табылды. Мәһрге көлік сұрадым. “Қазақша той жасағың келе ме?” деп сұрады. Мен қарсы болдым. Бірақ құдалық өтіп, орамал салып, келіншай бердім”, – деп ағынан жарылды актриса.
Еске салайық, Ақбота Керімбекова өнердегі құрбысы Айгүл Иманбаеваның жаңалығын жариялаған еді.