Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Күйеуі өртеп жіберген алматылық әйелдің ісі бойынша айыпталушылар жазадан құтылып кетті

Коллаж Stan.kz

Бұрынғы күйеуінің жантүршігерлік шабуылынан аман қалған Индира Тергеубаева қайғылы оқиғадан бері үш жылға жуық уақыт өтсе де, әділетке қол жеткізе алмай келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әйелдің бұрынғы күйеуін Ресейге дер кезінде депортацияламаған көші-қон полициясының подполковнигі Данияр Аденов "ауыр зардаптарға әкеп соққан немқұрайлық" бабы бойынша кінәлі деп танылған. Алайда сот оған қатысты қылмыстық жауапкершілікті істің мерзімінің өтуіне байланысты тоқтату туралы шешім шығарды.

Данияр Аденов Индираның бұрынғы күйеуі, Ресей азаматы Али Боприевті Қазақстаннан шығаруы тиіс болған. Ол бұрынғы жұбайы Индира Тергеубаеваға күш қолданғаны үшін сотталған. 2021 жылы Жоғарғы сот Боприевті елден депортациялау туралы шешім шығарған. Алайда көші-қон полициясы бұл шешімді орындамаған. Араға бір жарым жыл салып, Боприев Индираны өлтірмек болып, әйел жұмыс істейтін дүкенге келіп, әйелге және өзіне бензин шашып, өртеп жіберген. Боприев оқиға орнында көз жұмған, ал Индира ауыр күйік алғанымен, аман қалды.

Сот кезінде прокурор соттан Аденовке қатысты істі тоқтатуды сұрады. Ол мұны қылмыстың жасалғанынан бері екі жылдан аса уақыт өткендігіне, яғни істің ескіру мерзімінің өткеніне сілтеме жасады. Заңға сәйкес, егер қылмыс жеңіл дәрежеде деп танылса, онда екі жыл өткен соң іс жабылуы мүмкін. Прокурордың айтуынша, Аденов тарапынан құқық бұзушылық жасалған сәттен бастап екі жылдан астам уақыт өткен.

Сот Аденовтан жәбірленуші Индираның пайдасына 1 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды. Сонымен қатар көші-қон полициясының екі қызметкеріне қатысты жеке қаулы шығарылды. Бұл – бұрынғы күйеуі бензинмен өртеп жібергеннен кейін тоғыз рет ота жасаған әйелдің пайдасына қабылданған жалғыз шешімдер.

"Істің ескіруіне байланысты тоқтатылғанымен біз мүлдем келіспейміз. Бұл болған жағдай үшін ешкім жауапкершілікке тартылмайтын болды деген сөз. Бұл – жәбірленушіге жасалған ауыр соққы", – деді адвокат Айнара Айдарханова.

Адвокаттың айтуынша, тергеу екі жылдан астам уақытқа созылған. Қылмыстық іс оқиғадан жарты жыл өткен соң ғана қозғалыпты. Ал 2023 жылдан бері осы күнге дейін мемлекет тарапынан бірде-бір өкіл Тергеубаевадан кешірім сұрамаған. Материалдық және моральдық шығын да өтелмеген.

Қазір Индира Тергеубаеваның қорғаушылары Аденовке қатысты сот шешіміне апелляциялық шағым дайындауда. Қорғаушылардың айтуынша, тергеушілерге барлық дәлелдер, сараптама қорытындылары мен қызметтік тексеру нәтижелері ұсынылған. Бұл материалдарда көші-қон полициясы қызметкерлерінің өз міндеттерін орындамағаны нақты көрсетілген. Сонымен қатар, іс бойынша жауапты тек Аденов қана емес екені де атап өтілген.

Сот үкімінен кейін Индира Тергеубаева әлеуметтік желідегі парақшасында бұл шешімнің өзі аз да болса, жеңіс екенін атап өтті. 

"Жеңіске сеніңіздер. Өзіңізге сеніңіз. Ақиқатқа қол жеткізіңіздер. Өтіріктің пердесін жыртыңыздар. Бұл ұзақ әрі азапты жол. Бірақ оны жеңуге болады", — деп жазды Индира Тергеубаева. 

Еске салсақ, бұған дейін бұрынғы күйеуі өртеп жіберген алматылық әйел басынан өткен адам шошырлық оқиғаны Stan.kz тілшісіне айтып берген еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 21 Сәуір, 2025 22:52
Талқылау