"Күш қолданып, айғақтарды өзгертуге мәжбүрлеген": "Каспий" футбол клубының бұрынғы басшысы 27 миллион теңгеден аса қаржы жымқырған
Маңғыстау облысының прокуратурасы "Каспий" футбол клубында оқу-жаттығу жиындарына бөлінген 27 миллион теңгеден астам қаражат жымқырылғанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, осы фактіні тергеді. Іс барысында клубтың бұрынғы басшысы өзінің 2 танысымен бірге, күш қолдану арқылы клубтың қызметкерін айғақтарды өзгертуге мәжбүрлегені белгілі болды.
Сонымен қатар олар 15 миллион теңге қорқытып алуға әрекеттенген. 3 желтоқсанда футбол клубының экс-басшысын, "К" және "О" азаматтарын қамауға алуға санкция берілді. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.
Еске салайық, бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі футболға кейінгі 6 жылда бөлінген қаржы сомасын атады. Соның ішінде “Астана” клубы бюджеттен ең көп қаржы алған. Антикор өкілі Данияр Бигайдаровтың сөзінше, 2018 және 2023 жылдар аралығында футбол клубтарына бюджеттен 200 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.