Күртешелеріне камера жабыстырып алған: Алматы облысында жүргізуші куәлігін алуға үміткерлердің заңсыз әрекеті желіде тарады
Алматы облысы Қарасай ауданындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында шу шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Әлеуметтік желі қолданушылары жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыруға келген үміткерлердің барлығы микрокамерасы бар бірдей күртеше киіп келетінін айтып, видео жариялады. Видео авторының айтуынша, күртеше үміткерлерге жүргізуші куәлігін оңай алуға көмектеседі.
"Барлығы бірдей күртеше киіп кіреді. Менде бір сұрақ бар: басшылық қайда қарап отыр. Олар мұны байқамай ма, әлде көрмей ме?", – дейді видео авторы.
“Азаматтарға арналған үкімет” корпорациясы жағдайға қатысты тексеру жүргізілетінін атап өтті. Олардың мәліметінше, емтихан барысы үнемі бақыланады, 2024 жылы 300-ден астам заң бұзушылық анықталған.
"Мемлекеттік корпорация күн сайын мемлекеттік қызмет көрсету үдерісіне, оның ішінде жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихандарына мониторинг жүргізеді. Осы бақылаудың нәтижесінде 2024 жылы өз күшімізбен емтихан кезінде тыйым салынған құралдарды рұқсатсыз пайдалануға қатысты 300-ден астам заң бұзушылық анықталды. Бұлар микро камералар, микро құлаққаптар, ұялы телефондар, Bluetooth гарнитуралары және т.б заттар. Мұндай жағдайлар еліміздің барлық дерлік аймағында тіркелді", – делінген хабарламада.
Корпорация мұндай заңсыздықтар орын алған жағдайда емтихан нәтижелері жойылып, жүргізуші куәлігіне үміткерлер үш айға дейін емтихан тапсырудан шеттетілетінін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін жүргізуші куәлігі жоқ бола тұра ішімдік ішіп, көлік басқаратын қазақстандықтарға жаза қатаңдатылатыны туралы жазған едік.