Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күрес түрлерінен Азия чемпионатының алғашқы күнінде үш жүлде еншіледік

Иордания астанасы Амманда өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы үш медаль жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Wang Zhao/Getty Images

Жарысты грек-рим күресінің шеберлері бастады. Алғашқы күні боз кілемге бес салмақ дәрежесінде балуандар белдесті. Қазақстан құрамасы сапынан 130 келі салмақта Әлімхан Сыздықов күміс жүлдені еншіледі. Ақтық сында отандасымыз ирандық Фардин Хедаятиге жол берді. Бұл Сыздықовтың Азия чемпионатындағы төртінші жүлдесі. Бұған дейін отандасымыз алтын, күміс, қола жүлделерді бір-бір реттен иеленген еді.

Қазақстан қоржынына қос қола медальды Шамил Ожаев пен Ибрагим Магомадов салды. 87 келі салмақта белдескен Шамил үшінші орынға таласта кореялық балуан Санхек Пакты 5:1 есебімен жеңді. Ал Магомадов 77 келі салмақта сынға түскен еді. Жүлдеге таласта қазақстандық балуан иорданиялық Амро Абед Садехті ұтты.

Жарыстың екінші күнінде Қазақстан құрамасының 3 балуаны жеңіліс тапты. Бақытжан Қабдыл, Мейіржан Шермағанбет және Әділхан Сатаев жарысты ерте аяқтады. Енді бұл спортшылар қарсыластарының финалға жолдама алғанын күтеді. Егер олар ақтық сынға шықса, отандастарымыз жұбаныш белдесуге қатыса алады.

Талқылау