Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күніне енді 7 мың қадам жасау да денсаулыққа пайдалы – Ғалымдар

Фото_ Depositphotos күніне 7 мың қадам жүруФото: Depositphotos.com

Күніне 7 мың қадам жүру деменция, қатерлі ісік және басқа да аурулардың қаупін азайтуға көмектеседі. Жаңа ғылыми зерттеулер бұл көрсеткіштің көпшілікке таныс 10 мың қадам ұсынысынан гөрі шынайы әрі қолжетімді екенін көрсетіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Lancet Public Health ғылыми журналында жарияланған бұл зерттеу 2014 пен 2025 жылдар аралығында шыққан ғылыми мақалаларды жинақтап, талдаған.

Бұған дейінгі зерттеулер көбіне жүрек аурулары мен өлім көрсеткіштеріне назар аударса, бұл жолы ғалымдар адамның күн сайын жүретін қадам саны мен әртүрлі аурулардың даму қаупі арасындағы байланысты зерттеген.

Жалпы зерттеуде 160 мыңнан астам адамның денсаулығы мен қадам санына қатысты деректер қарастырылған.

Осылайша, күніне 7 мың қадам жүретін адамдардың:

•    деменцияға шалдығу қаупі – 38%-ға,
•    жүрек-қан тамырлары аурулары – 25%-ға,
•    депрессия – 22%-ға,
•    2-санаттағы диабет – 14%-ға,
•    қатерлі ісік – 6%-ға төмендейтіні анықталған (2 мың қадаммен салыстырғанда).

Алайда бұл көрсеткіштердің кейбірі аз зерттеулерге сүйенетіндіктен, дәлдігі төмен болуы мүмкін.

Жалпы алғанда, күніне кемінде 4 мың қадамның өзі 2 мың қадаммен салыстырғанда әлдеқайда жақсы нәтиже беретіні байқалған.

Ал 7 мың қадамнан кейін қосымша жүрілген қадамдар көп жағдайда айтарлықтай пайда әкелмейді. Тек жүрек саулығы үшін ұзақ серуендер пайдалы болуы мүмкін.

10 мың қадам туралы ұсыныс қайдан шықты?

Ғалымдардың пікірінше, олардың зерттеу нәтижелері адамдарды қадам санын есептеуге ынталандырып, өз денсаулығына көбірек көңіл бөлуге себеп болуы мүмкін.

"Біз күніне 10 мың қадам жасауымыз керек деп ойлаймыз, бірақ бұл деректерге негізделмеген", - деді зерттеу авторларының бірі Сидней университетінің профессоры Мелоди Динг.

Күніне 10 мың қадам жүру керек деген кең таралған түсінік ғылыми емес, маркетингтік миф дейді ғалым. Бұл ұғым алғаш рет 1960-жылдары пайда болған.

1964 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарының қарсаңында жапон нарығында "манпо-кей" деп аталатын қадам санағыш сатылымға шықты. Бұл сөз жапон тілінен аударғанда "10 мың қадам есептегіш" деген мағынаны білдіреді.

Профессор Дингтің айтуынша, бұл сан нақты ғылыми негізге сүйенбеген, жай ғана жарнамалық ұран болған. Кейіннен бұл көрсеткіш кеңінен тарап, түрлі фитнес-трекерлер мен мобильді қосымшаларда бейресми стандартқа айналып кетті.

Онда қанша қадам жасау керек?

Көптеген ресми ұсыныстар нақты қадам санынан гөрі, физикалық белсенділіктің ұзақтығына негізделеді.

Мысалы, Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS) күніне кемінде 10 минут белсенді серуендеуді ұсынады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ересектерге аптасына кемінде:

•    150 минут орташа деңгейдегі аэробтық белсенділікпен немесе
•    75 минут жоғары қарқынды аэробтық белсенділікпен айналысуға кеңес береді.

Сидней университетінің профессоры Мелоди Дингтің пікірінше, мұндай ұсыныстар кей адамдарға түсініксіз болуы мүмкін, бірақ олар аз қимылдайтын немесе жүріп-тұруы шектеулі адамдар үшін пайдалы.

"Кейбіреуі велосипед тебеді, кейбіреулер жүзумен айналысады немесе денсаулығына байланысты көп қадам жасауға мүмкіндігі болмайды", – деді Динг.

Ғалым қадам санын ресми ұсыныстардың бір бөлігі ретінде қосу пайдалы болар еді деп есептейді. Бұл адамдарды күнделікті қимыл-қозғалысты дұрыс жоспарлауға ынталандыра алады.

Лондондағы Брунель университетінің отырықшы өмір салты мен денсаулық бойынша маманы Дэниэл Бэйлидің айтуынша, белсенді адамдар үшін күніне 10 мың қадам нәтиже көрсетуге болатын мақсаттардың бірі. Бірақ көп қозғала бермейтіндер үшін 5-7 мың қадам әлдеқайда қолжетімді әрі шындыққа жанасады дейді.

Портсмут университетінің клиникалық жаттығу физиологиясы бойынша аға оқытушысы Эндрю Скотт та нақты бір қадам санына байланып қалмау керек дейді.

Оның ойынша "Қадам неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы. Бірақ кей күндері көп қозғала алмасаңыз, уайымдаудың қажеті жоқ".


Ғалымдар құлағы естімейтін науқастарды емдейтін ерекше тәсіл тапты


Диетолог аштық сезімін басатын бес тағам түрін атады


Еске салайық, бұған дейін Negida Academy зерттеу ұйымының ғалымдары үзіліссіз ауыр жаттығулар ер адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін екенін анықтады. Жаңа метаанализге сәйкес, аптасына 3000 минуттан астам жаттығатын ерлердің жүрек артерияларында кальций шөгінділері көбірек байқалады. Бұл жүрек-қантамыр ауруларына әкелетін қауіпті фактор. Әйелдерде мұндай байланыс анықталмаған. 1500-3000 минут жаттығатын ерлерде де бұл қауіп байқалмаған. Ғалымдар бұл дерек жаттығудың сөзсіз пайдасы туралы қалыптасқан түсінікке күмән тудыратынын атап өтті.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 28 Шілде, 2025 13:32
Талқылау
`