Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күніне 8-10 энергетикалық сусын ішетінмін": Жүрегінен айырылған азамат қазақстандықтарға үндеу жолдады

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Алматы қалалық кардиологиялық орталығынан қараша айында алғаш рет орталық базасында жүрек трансплантациясы жасалған 34 жастағы науқас үйіне шығарылды. Дәрігерлер ер адамның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 34 жастағы ер адамға терминалды созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған және жүрек трансплантациясын күтушілердің республикалық тізіміндде болған. Жүрек трансплантациясы отасы бес сағаттан астам уақытқа созылып, сәтті аяқталды.

Ота Алматы қалалық кардиологиялық орталығының мультидисциплинарлық командасы University Medical Center (Астана) бірлесе отырып, ҚКО директоры Ермағамбет Қуатбаев пен UMC КФ басқарма төрағасы, профессор Юрий Владимирович Пя басшылығымен жасалған. 


Көкшетауда энергетикалық сусын ішкен жасөспірімнің асқазаны тесіліп қалған (видео)

Жаңажылдық корпоративте коктейл ішкен ер адамның асқазаны жарылып кетті


Науқас ауруханадан шыққаннан кейін дәрігерлер мен орталық қызметкерлеріне өмірін сақтап қалғаны үшін алғысын білдіріп, қазақстандықтарды денсаулықтарына мұқият қарауға шақырды.

“Адамдарға үндеу жасағым және ескерткім келеді: энергетикалық сусындарды ішпеңіздер. Менің жағдайым да дәл солардан басталды. Алдымен күніне бір бөтелке ғана ішетінмін, кейін бұл күніне 8–10 энергетикалық сусынға дейін жетті. Мен бұған мән бермедім, тек ауыр диагноз қойылған кезде ғана ойлана бастадым. Бүгін мен бар күш-жігерін салып, қолдан келгеннің бәрін жасаған дәрігерлердің арқасында тірі жүрмін. Енді өз денсаулығыма ұқыппен қараудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім”, – дейді ер адам. 

Шығарылғаннан кейін науқас емханада тіркелген жері бойынша бақылауда болады.

Айта кетейік, ер адамға жүрегін берген донор ауыр артериялық гипертензиямен ауырып, инсульт алған 50 жастағы әйел болды. Алматы қаласының орталық қалалық клиникалық ауруханасына шұғыл түрде жеткізілгеннен кейін дәрігерлері әйелдің ми өлімін тіркеді. Туыстары марқұм әйелдің ағзаларын алуға келісім берген соң, донорлық шаралар ұйымдастырылған.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда қаза тапқан екі донор 12 адамның өмірін құтқарып қалғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 26 Желтоқсан, 2025 18:34