"Ер актерлерге әйелдерге қарағанда көбірек төлейді": Отандық кино жұлдыздарының гонорары қанша
Коллаж: Stan.kz
Белгілі актриса Салтанат Наурыз отандық киноиндустрия нарығына байланысты мәселе көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads желісінде актриса белгілі медиа холдинг жұмысы үшін өте аз сома ұсынғанын айтты.
“Қатты ашуланып отырмын. Белгілі медиа компаниядан эпизод рөлге ұсыныс түсті. Бір күнге 20 мың төлейді. Сіздің деніңіз сау ма?! Мұндай үлкен холдинг үшін бұл қандай төлем?! Мұндай тарифтерді қалай ұсына аласыз?! Қазақстанда актерлік қызмет үшін ақы төлеу ережелері жоқ. Кәсіподақ жоқ. Қалағаныңды істеп жүресің. Дипломы бар актерлердің еңбегін құнсыздандыру емес пе?!”, – деп жазды актриса.
Кино жұлдызының ренішіне компания өкілі, кинопродюсер Әлішер Утев жауап беріп, қазақ киноиндустриясындағы көлеңкелі тұсты жасыра алмады.
“Салтанаттың өкпе-назын түсініп отырмын. Бұл актерлер үшін ғана маңызды, күрделі мәселе емес. Компания тікелей актерлердің гонорарымен айналыспайды. Жобаға қатысатын актер-актрисалардың қаламақы мәселесімен продюсерлік топ айналысады. Гонорар мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Осыған сәйкес ортақ ереже бекітілуі керек. Болашақта еліміздегі киножұлдыз өкілдері үшін бәрі әділ болады деп сенемін”, – деді Әлішер Утев.
“Актрисалар актерлерге қарағанда анағұрлым аз ақша алады”
“Нұрикамал" фильмінде басты рөлді сомдаған Фариза Ескермес актрисалар актерлерден аз алатынын жүрген жерінде айтып жүреді.
”Әріптесім, Шерхан Пірназар 6-7 миллион теңгедей алса, менікі одан өте төмен екен. Өкінішке қарай, біздің қазақстандық актрисалар актерлерге қарағанда анағұрлым аз ақша алады. Дискриминация бар. Осыған жаным ашиды", – деді актриса.
Блогерлікпен қатар кино саласында бой көрсетіп жүрген Әсел Асқарға хабарласып, кинодағы гонорарын сұрадық.
“Күніне 300 мың теңге аламын”
“Осыдан бірнеше жыл бұрын бір компаниядан киноға түсуге ұсыныс түсті. Сол кезде 7 мың теңге төлеген. Оны жарты жылдан кейін аударған. Қазір күніне 300 мың теңге аламын. Ол ақшаны сол жобаға керек заттарға жаратамын. “Гәп” фильміне түстім. Камбоджа елінде түсірді. Ол кезде басқа актерлерге қарағанда аз алдым. Өйткені мобилографымды ертіп бардым. Сол үшін маған аз төледі. 5-6 миллион теңге гонорар деген жоқ. 1-2 миллион теңгенің айналасы. Бір киноға түсу үшін 5 миллион теңге төлесе, түбегейлі киноға бет бұрар едік. Кино саласы менің негізгі табыс көзім емес. Алдымен, мен – блогермін. Жарнама жасаймын. Тағы бір мәселе көтергім келеді. Блогерлерге актерлерден аз төлейді. Себебін сұрасақ, дипломы бар, оқыған маман екен. Киноға түсу үшін міндетті түрде академияда білім алу шарт емес деп есептеймін”, – деді Әсел Асқар.
Танымал продюсер Баян Мақсатқызы киноға түсу үшін өте қымбат ақша сұрайтынын айтты.
“Өзімнің мамандығым актриса болса да, көп киноға түсуге келісім бермеймін. Мен үшін өте қиын жұмыс. Ұсыныстан бас тартамын немесе өте қымбат гонорар сұраймын. Мысалы, менің бір күндік түсірілімге қатысуым – 1 миллион теңге тұрады. Өзім түсірген картиналардан гонорар алмаймын. Кейде кейіпкерге лайық актриса табылмай жатқанда, өзіме ойнауға тура келеді”, – деді актриса.
Сондай-ақ продюсердің келіні Жарқынай Ханайым бір күндік түсірілім бағасы өте аз екенін жасырмады.
“Бір күндік түсірілім бағасы – 50 мың теңгеден басталады. Соған риза боламыз. Ол арзан ба, әлде қымбат па, білмеймін. Негізі, таза шығармашылық жолындағы адамдар осындай қарапайым болады екен”, – деп әзілдеді Жарқынай.
Бүгінде қазақ киноөндірісінің жұлдызына айналған актер Рамазан Амантай гонорар құнын жылқымен ғана есептейтін көрінеді.
“Актерлердің қаламақысы 4 жылқы болуы керек”
“Бір күнге – бір жылқы. Бір фильмді 15-18 күн түсірсек, бір үйір жылқы болады. Мен отбасымды асырап отырғандықтан қалыпты нәрсе сияқты. Продюсерлерге қарағанда актерлердің табысы әлдеқайда аз. Менің ойымша, бір күнде бір жылқының өзі аз. Шетелдік актерлермен салыстырмай-ақ қояйын. Бірақ біздің актерлер одан көп алуға лайық. Кемінде 4 жылқы болуы керек. Әр жерде баға әртүрлі. Дегенмен бізде өте аз табатын актерлер бар”, – дейді Рамазан Амантай
“10 күнге 10 млн төлеген де кезім болған”
Одан кейін “Келінжан”, “Кәрі қыз” , “Жар-жар”, “Біз екеуміз” киноларының продюсері Гүлнұр Мамасарипова да гонорарға қатысты ойын бөлісті.
“Мен күніне 20 мың деген бағаны білмейді екенмін. Қазір ең арзан эпизод дегенде 70 мың теңгеден 200 мыңға дейін төлейміз. Одан кейін актерге көп төлеп, актрисаға аз төлеймін деген жоқ. Ал Тұңғышбай Жаманқұлов күніне 2 миллион теңге сұраса да құқығы бар деп есептеймін. Қазір ортаңқол актерлердің өзі 1 миллион теңге сұрайды. Бірақ блогерлерге актерлерден аз төлеймін. Продюсерлер маркетинг деп өздері жаман үйретеді. Түрлі ситуация әсер етеді. Егер бірнеше маусым түсірсең актерлер міндетті түрде гонорарын үш-төрт есе өсіреді. Бұл жерде тек адами фактор ғана шеше алады. Бұл тек актерлердің қаламақысына қатысты емес! Жалпы қазір кино нарығында “табиғи іріктеу” жүріп жатыр. Бұндай кезеңнен де өтуіміз керек, онсыз даму да болмайды. Мен өз басым гонорар мәселесінде екі жаққа да тиімді мәмілеге қол жеткізуге тырысамын. Актерлердің ақысын жемеймін деп айта аламын. 10 күнге 10 млн төлеген де кезім болған. Бірақ кімге төлегенімді айта алмаймын, келісім шарт бойынша құпия болып саналады”, – деді кинопродюсер.
Еске салайық, "Миллион" командасы "Жездуха" сериалына түскен Тұңғышбай Жаманқұловтың гонорарын жариялаған еді.
“10 секундтық сахна үшін Тұңғышбай Жаманқұловқа 800 мың теңге бердік. Түсірілім бас-аяғы 30 минутқа созылды. Ол фильмде 10 секундтық көрініс болды. Қанша жылдан бері өнерде жүрген адам болғасын, қанша теңге айтса да, беруге дайын болдық. Ең қызығы, сол ағамыздың айтқан әзілінде халық қатты күлді”, – деген еді команда басшысы.

"Қазақ жігіттері эмоциясын көрсете алмайды": Бразилиялықпен көңіл жарастырған қазақстандық аруды сүйіктісінің ұлты да, жасы да алаңдатпаған
