"Күніне 1,5 млн теңгеге дейін табыс тапқан": Қазақстанда адам саудасына қатысы бар екі қылмыстық топтың мүшелері қамауға алынды
Фото: видеодан скриншот
Ел аумағында адам саудасына байланысты қылмыстарға қатысы бар екі қылмыстық топ әшкереленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиа-порталында жарияланған дерекке сүйенсек, күдіктілер интернет-ресурстарды пайдаланып, жыныстық қанауға қатысты заңсыз қызмет түрлерін жарнамалап, жүргізген. Олардың әрекеті ұйымдасқан сипатқа ие болып, миллиардтаған табыс әкелген.
"Алдын ала деректер бойынша, қылмыстық топтың күнделікті табысы 1,5 млн теңгеге дейін жеткен, ал 2024 жылдың басынан бері қаржы айналымы 1,7 млрд теңгеден асқан. Бұл – қылмыстық желінің ауқымын және ұйымдасқан деңгейін көрсетеді", – делінген ІІМ хабарламасында.
Тінту барысында ақша, банк карталары, автокөліктер, компьютерлер, ұялы телефондар және басқа да цифрлық ақпарат тасымалдағыштар тәркіленген.
"Негізгі фигуранттар мен олардың сыбайластарына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Бұл фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің адам саудасы мен ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған қатысу баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", – деп хабарлады ІІМ өкілдері.
Күдіктілердің қылмысы дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
