"Күн көзін көрмейміз": Таразда тұрғындар жаңадан салынып жатқан көпір құрылысына наразылығын білдірді
Фото: Видеодан скрин
Таразда жиырмадан астам үйдің тұрғындары жаңа көпірдің салынуына наразы. Себебі биіктігі 12 метр болатын нысанның кесірінен күн көзін көре алмай қалдық дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сідтеме жасап хабарлайды.
Қала орталығындағы көшеде тұратын тұрғындар көпір құрылысы басталған кезден мазамыз қашты дейді. Себебі жаз бойы құрылыс жүріп, техникалардың дыбысы мен шаң-тозаң әбден қажытқан. Енді олар жаңа салынған көпір қабырғасының кесірінен күн көзін көре алмай қалдық деп отыр. Тұрғындар қабырғаны салып бітірсе, тіпті тасада қаламыз деп дабыл қағып жатыр.
Бастапқыда ені 9 метрге созылады деген көше бес метрге дейін қысқарыпты. Қазір бұл көшемен көліктер бір бағытқа ғана жүреді екен. Тұрғындардың сөзінше, тар жерге техника түгілі, жедел жәрдем көлігі де кіре алмай қалған.
“Бала-шағаны ойлап уайымдаймыз. Бұл жерде жүретін жер жоқ. Жаяу жүргіншілер жолына шығады. Содан кейін бала-шағамызды ойлап қорқып жүрміз. Арғы жақтан келсе, біздің машиналар да шыға алмайды. Адам тұра алмайтын жер ғой. Төбеңнен машина құлайды немесе басынан біреу қағып кетеді деп үрейленеміз”, – дейді тұрғын Суфар Құбжанов.
"Балаларымыз үшін қауіптенеміз": Атырауда аулада іш киімсіз серуендеген ер адам тұрғындарды шошытты
"Балалы болғым келмейді": Шымкенттік тұрғын саналы түрде әке атанудан бас тартқан
Тұрғындар көпір жобасын көріп шошындық дейді. Себебі қабырға биіктеген сайын көпір маңындағы үйлерге күн түспей қалуы мүмкін.
“Қазір күндіз үйге кірсем, қап-қараңғы болып тұрады. Жарықты қосып қоюға тура келеді. Өзім мектепте мұғаліммін. Оқушылардың дәптерін күнде тексеремін. Бұл жағдай жұмысқа да кедергі келтіріп тұр. Президенттен көмек сұрап, бірнеше мәрте хат жаздық. Әзірге бұл “мәселе қаралып жатыр” деген жауап алдық”, – дейді тұрғын Марина Главатских.
Енді тұрғындар әкімдіктен үйін өтемақы төлеп сатып алуды сұрап отыр. Өйткені көпір құрылысында тұрғындардың талабы ескерілмеген. Тұрғындардың айтуынша, көпір үйлерге шамадан тыс жақындап кеткен. Ал әкімдік мамандары тұрғындарға сотқа жүгінуге кеңес беріп отыр.
“Бұл мәселені тек сот арқылы реттеуге болады. Егер тұрғындар құрылыс талаптары бұзылғанын дәлелдесе, біз жіберген олқылықтың орын толтыруға міндеттіміз”, – дейді Тараз қаласы Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова.
23 үйдің тұрғындары көпірдің асты үнемі ылғал болғандықтан, қабырғаларға сызат түсе бастады дейді. Ал көшеден шағын кәсіпкерлер көшіп кеткен. Бұған дейін жергілікті әкімдік көпір орнындағы 60-қа жуық үйге 2,2 миллиард теңге бөліп, сатып алған. Ал талаптары ескерілмеген тұрғындар “әкімдікті сотқа береміз” деп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындар берілген баспаналардың сапасына шағымданғаны туралы жазған едік.
"Әсіресе аяғы ауыр әйелдер мен балаларға өте қауіпті": "Гонконг" тұмауын кәдімгі тұмаудан қалай ажыратуға болады