Күдіктілер ағасын да өлтірмек болған: Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу қалай жүріп жатқаны айтылды
Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты жәбірленуші тараптың адвокаттары әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, тергеу барысы туралы мән-жайды айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Эфирді жүргізген Айтбек Амангелдінің сөзінше, бүгінде Қаржаубаевтар әулеті психологпен жұмыс істеп, қиын-қыстау кезеңді өткеру үстінде екенін атап өтіп, адамдарды мейірімді болуға, сыбырлық танытуға шақырды.
Оның сөзінше, азалы отбасыны түрлі телебағдарламалар мен шоуларға көп шақырады, алайда отбасыға қазір тыныштық керек.
“Кейін сәті келгенде сұхбат, жария мәлімдемелер жасалады” деді ол.
Осыдан соң адвокат Карина Көшербаева дүкендегі жанжал үзінділері көрсетілген видеоның желіге тарап кетуіне байланысты тергеу шаралары жүріп жатқанын айтты.
“14 қазан күні instagram-дағы SONA.KZ парақшасында оқиға болған “Қамажай” дүкеніндегі бейнебақылау камераларына түсірілген видеоның бөліктері тарап кетті. Біз бұл туралы біле салысымен ішкі істер министрлігіне қарасты өзіндік қауіпсіздік департаментіне талап арыз түсірдік. Көп уақыт өтпей біздің арызымыз өндіріске алынғанын хабарлап, 16 қазан күні 423-бап (Сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауының деректерiн жария ету) бойынша іс қозғалды. Іс Алматы облысы полиция департаментінің қауіпсіздік қызметіне берілді” деді Карина Көшербаева.
Алайда адвокат видео таралған SONA.KZ парақшасының иесі Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің бұрынғы жетекшісі әрі кеңесшісі, бүгінде азаматтық тұлға болып табылатын Ғалымұрат Жүкелге тиесілі болғандықтан, іспен антикор айналысуы керек деп санайтынын жеткізді. Осыған байланысты істі тергеуді ауыстыру туралы арыз түсірілген.
Сондай-ақ адвокат Саида Тәуекелова “куәгер” статусына ие екі қыздың жайы туралы жеткізді.
Ол қыздар аталған қылмысқа тікелей қатысы бар деп санайтынын, олардың әрекетіне қылмыстық-процесуалдық баға берілуге тиіс екенін мәлім етті.
“”Біз 30 қазан күні Алматы облысы прокуратурасына тергеу әрекетіне тексеру жүргізу туралы шағым түсірдік. Біз екі қыздың әрекетінде ҚР ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша қылмыс құрам бар деп санаймыз. Заңға сай, бұл ауыр қылмыс болып саналады. Біз олардың әрекетін аталған қылмыстық іске ауыстырып саралауды талап етеміз” дейді адвокат.
Адвокаттардың шағымына прокуратура 11 қараша күні жауап жолдап, ол жерде іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын, шағымға байланысты тергеу органына тиісті нұсқау беріліп, жиналған деректер негізінде процесуалдық шешім қабылданатынын айтқан.
Саида Тәуекелова “бұл жауапқа қанағаттанбадық” дейді. Тергеу барысын бақылап, тергеудің кезекті кезеңі аяқталғанын күтетінін, өздерінің талабы ескеріліп, қыздар тиісті тергеу статусын алады деп үміттенетінін атап өтті.
Үшінші адвокат Марал Жайлаубаева марқұм Шерхаттың ағасы Нұрқанатқа трагедия түні жасалған шабуылды тергеу барысын айтып берді.
Оның сөзінше, сол түні жәбірленуші Нұрқанаттың ұялы телефоны мен әмиянын ұрлап кеткен. Осыған байланысты талап арыз түсіріліп, ол қанағаттандырылған. Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша іс қозғалған.
“Сондай-ақ трагедия түні күдіктілер Нұрқанатқа дене жарақаттарын келтіріп, 3-4 рет жамбасы мен төсіне пышақ ұрған. Аталған әрекеттер адамды өмірінен айыруға тікелей бағытталған нақты ниетпен жасалған деп есептейміз. Осыған байланысты аталған дерек бойынша біз “өлдіруге оқталу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды сұрап өтініш хат түсірдік. Қазіргі таңда ол қарастырылып жатыр. Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мен күдіктілердің орталарында беттестірулеп өткізіліп, қазіргі уақытта тағайындалған сараптамалардың қорытындыларымен танысудамыз” деді Марал Жаулаубаева.
Саида Тәуекелова үйді өртеу бойынша істі мамандандырылған прокурорлар тергеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бүгінде өртке байланысты Азат, Рысқұлов, Қайназар ауылдары мен Талғар қаласының 1200 тұрғынынан жауап алынған. Жақын маңдағы жанар-жағармай бекеттері қызметкерлерінен де жауап алынған. Адвокат тергеу барысында аэрокосмостық комитетке, Яндекс, 2ГИС, Google Maps сервистеріне сұрау жолданғанын жеткізді.
Саида Тәуекелова сот ашық болатынына сендірді.
Құқыққорғаушылардың сөзінше, бүгінде Шерзаттың әулеті ешкімнен жылу жинап жатқан жоқ әрі ешқандай арнайы шоттар ашпаған. Осы уақытқа дейін әлдекімдер Шерзаттың отбасына деп 7 ақша жинау әрекетін жасағанын, олардың бірде-бірі азалы отбасынікі еместігін мәлім етті. Адвокаттар әзірге ешқандай жылу жинау ашылмайтынын шегелеп айтты.
Бүгінде Талғардағы оқиғаның айналасында алты қылмыстық іс бойынша тергеу жҮріп жатыр.