Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Күдікті бірнеше рет сотталған: Шымкентте тергеу соты 8 жасар қызды зорламақ болған ер адамды босатып жіберген

Фото: freepik.com

Шымкентте 2-сынып оқушысына әдепсіз әрекет жасаған күдіктіні тергеу соты қамаудан босатып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

8 жасар қыздың адвокаты Талғат Есімов тергеу сотының шешіміне қарсылығын білдірді. Ол Қылмыстық кодекстің 124-бабы 1-бөлігі (Он алты жасқа толмаған адамдарды азғындық жолға түсіру) бойынша күдікті азаматты қамауға алуды сұрады. 

Адвокаттың айтуынша, 8 жасар қызға жасалған азғындық әрекеті бойынша оқиға 2025 жылы 24 сәуірде тұрғын үйдің кіреберісінде болған. №56 колонияда жазасын өтеп жатқан күдікті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. 

“Ол үйіне қайтып келе жатқан баланың соңынан еріп, бірге ішке кірген. Сосын екінші және үшінші қабаттар арасында ер адам баланың белдемшесінде жіп шығып тұрғанын айтып, алдаған. Сосын оқушының етегін көтеріп, әдепсіз әрекеттер жасаған. Бір уақытта қыз қорқып айқайлап, үйіне қарай жүгірген. Ал ер адам оқиға орнынан ізін суытқан”, – дейді адвокат. 

Адвокаттың сөзінше, осыдан кейін қыздың анасы полицияға арыз түсіріпті. 

“Полиция бейнебақылау камерасына түсіп қалған видеоны пайдаланып, күдіктінің кім екенін тез арада анықтаған. Прокуратураның көмегімен күдіктіні қамауға алу туралы өтінішхат тергеу сотына берілді. Дегенмен белгісіз себептермен тергеу соты бас тартып отыр”, – дейді адвокат. 

Талғат Есімов күдіктінің қай баптар бойынша істі болғанын тізіп айтып берді. Тіпті оның ішінде зорлық-зомбылық әрекеті де бар. 

  • 2015 жылдың 30 қарашасында Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен 191-баптың 2-бөлігі (Тонау); 188-бабының 2-бөлігі, 188-бабының 1-бөлігімен (Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру) бойынша сотталған;
  • 2016 жылы 15 сәуірде Еңбекші аудандық сотының шешімімен Қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-бөлігі (Тонау); 192-бабының 2-бөлігі (Қарақшылық) бойынша айыпты деп танылған. Сот үкімімен 5 жылға сотталған;
  • 2016 жылдың 24 маусымында Әл-Фараби сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 121-бабы 2-бөлігімен (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) сотталған; 
  • 2021 жылы 31 наурызда Еңбекші аудандық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға сотталған. Осы үкім бойынша ол Шымкент қаласындағы түзеу мекемесінің бірінде жазасын өтеп жатыр.

Адвокаттың сөзінше, қазір күдікті жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеп жатыр. 

“Ол қазір жартылай ашық түрмеде (колония-поселения). Күндіз жұмысқа барады, кешке серуендеуге шығып, оқушы қызды көреді. Ол қылмысты кешкі уақытта жасаған. Сотталғанның колонияда болуына жауапты Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлері жазасын алуы керек деп есептеймін", – дейді адвокат. 

Осылайша адвокат Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов пен прокурор орынбасары Ержан Маратұлынан істі бақылауға алуды сұрады.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Шымкент қалалық тергеу сотынан мән-жайды сұрап білді. 

“2025 жылы 27 сәуірде Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотына С.-ға қатысты "қамау" бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат берілді. Күдікті С., бұрын да бірнеше рет сотталған. Оның әрекеті Қылмыстық Кодекстің 14-бабының 1-бөлігімен (Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы) қайталанатын қылмыс деп танылды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ тергеу соты қазір күдіктінің Қылмыстық атқару жүйесінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша департаментінің №56 мекемесінде жазасын өтеп жатқанын айтты. 

“С.-ның жазасын өтеп жатқанын ескере отырып, С.-ны № 56 мекеме қызметкерлеріне беру керек еді. Бұл ретте, тергеу органдары Қылмыстық кодекстің 195-бабының 2-бөлігінің (Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру) талаптарын бұзған, яғни С.-ға қатысты "қамауға алу" бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішке Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына (Ұстап алу негіздері) сәйкес топ мүшесі қол қойған. Ал бұл өтінішке топ басшысы қол қоюға тиіс болған. Осыған байланысты С.-ға қатысты "қамау" бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылды”, – делінген хабарламада. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 29 Сәуір, 2025 17:30
Талқылау