Құда баласы алып қашқан қызын қайтарған жігіттің әрекеті жұртты сүйсіндірді
Ыбырайым Бабаевтың жүріп жүрген қызын құда баласы алып қашып кеткен екен. Туысқандарының қарсылығына қарамастан, ол өзінің сүйіктісін қайтарған. Бүгінде бақытты ғұмыр кешіп, 4 баланы тәрбиелеп отыр. Студия қонақтары осы оқиғаны өз аузынан естіген кезде, қол соғып, қошемет білдірді.
Бұл туралы “Пендеміз ғой” бағдарламасында айтылды.
Қазақстанда соңғы жеті жылда ажырасу саны көбейіп, жаңадан некелескен жұптар саны азайған. Соңғы деректер бойынша, тек 2016 жылы 51 мыңнан астам отбасылық жұп ажырасқан екен. Жас жұбайлардың некелерін бұзуына түрлі фактор әсер етеді. Десе де, кез келген жағдайда отбасын сақтап қалуға тырысатын жандар бар. Солардың бірі – Ыбырайым Бабаев. Ол отандық бағдарламалардабасынан өткен оқиғасын баяндап берді.
“Әйелім екеуіміздің үйленуімізге оның жеңгелері қарсы болды. Кезінде біз бір мектепте оқып, парталас болған едік. Қазіргі таңда бақытты өмір сүріп жатырмыз. Үйленгенге дейін менің жүріп жүрген қызымды жаңағы жеңгелері туған інілеріне алып қашып берді. Мен шетте қарап қалған жоқпын. Бұл үшін маған ешкімнің де сөзі керек болмады. Бірақ ата-анам мен туған-туыстарым қарсы болды. Тіпті тойыма келмеді. Сол мезетте денсаулығы мықты жігіттермен бірге көлікпен барып, қызымды қайтардым. Сол спортшы жігіттерге алғысымды айтамын. Мені мақсатыма жеткізді. Ал қыз жылап, тек маған тұрмысқа шығатынын айтты. Бәлкім туысқандарымыз осы оқиғаны естеріне алып, қазір ұялып та отырған шығар.
Нағашы атам кезінде үлкен бастық болған адам. “Бір-біріңді сүйсеңдер үйленіңдер. Қорадағы заттарды шығарып тастаңдар. Той болады” деді. Міне бүгінде төрт баланы тәрбиелеп отырмын. Ауылды жерден Астанаға келіп, үйлі-баранды болдық. Отау құрғанымызға 11 жыл толды. Қиындықта қашан да бірге өткеруге болады деп ойлаймын. Кейде “Сиырдың жауы кене, келіннің жауы ене” деп айтып жатады. Бұл – теріс ұғым. Мұны ақыл-есінің кемістігі бар келіншектердің әңгімесі деп ойлаймын. Әрине, күнделікті тұрмыста кішігірім келіспеушіліктер болып тұрады. Бірақ мұның барлығын ақылмен шешу керек. Табиғатымнан ашуланшақ адаммын. Құдды сіріңке секілдімін. Тез жанып, тез өшемін. Артынан өз айыбымды түсініп, кешірім сұраймын. Әйелім екеуіміз түк болмағандай сөйлесіп кете береміз. Менің келіншегім барлығын ақылмен шешеді. “Сенің бір жаман мінезің бар. Өзіңдікі дұрыс емес болып тұрса да, мойындамайсың. Теріс дүниені дұрыс етіп шығарудан тайынбайсың” деп отырады. Қазір сол әрекетім үшін еш өкінбеймін”, – дейді Ыбырайым Бабаев.
Студия қонақтары азаматтың бұл әрекетіне риза болды. Мұнымен қатар, бұрын-соңды қазақ қоғамында ажырасудың болмағанын тілге тиек етті. “Біздің кезімізде ажырасу деген ұғым болған емес. Тек бірен-саран жағдайда кездесетін. Елде отбасының шырқын бұзып, тыныштығын алу деген – ұят нәрсе. Отбасыны қандай жағдай болмасын сақтап қалған жөн. Арада дәнекер ұрпақ барын ұмытпайық. Әкесіз жетім деген жақсы сөз емес. Қазір ажырасудың көбеюіне ақыл айтар ақсақалдардың жоқтығы да әсер етіп жатыр деп ойлаймын. Бұрын ақсақалдар шағын ауылдағы әр үйде не болып жатқанын көріп отыратын. Төрелігін айтып, “Қарағым, қой!” дейтін. Ол кезде заң да, сот та жоқ”, – дейді Серікқазы Байқоңыров.
Ал сіздің ажырасудың көбеюіне қатысты пікіріңіз қандай? Қандай жағдай болмасын отбасын сақтап қалу керек” деген пікірмен келісесіз бе?
Жіберіп алмаңыз:
Даяшы қыздар қазақ тойында биді “жарды” (видео)
Даяшы небәрі 37 цент тапсырыс үшін 500 доллар шәй-пұл алған
Таңғажайып танымалдылыққа ие болған Димаш туралы деректі фильм түсіріледі
Оттың ортасында Тәуекел Мүсіліммен сүйіскен Жанар Дұғалова жұрттың ашуына тиді (видео)