Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қуат Хамитов алаңға қара халықты қолдауға шықты": Қазақстандық журналист спортшыны жақтап шықты

Қазақстандық журналист Айсұлтан Жақыпов Қуат Хамитовқа қолдау көрсетті. Ол жаңа Қазақстан құру үшін ескі әдіске сүйену дұрыс емес деп санайды. 

“Айтпаса, сөздің атасы өледі. Ескі әдіспен Жаңа Қазақстан құра алмаймыз-ау. Қуат "Найман" Хамитов алаңға қара халықты қолдауға шықты және видеода "Жігіттер, қазір Жаңаөзенді қолдау видеосын түсірген соң тараңдар", – деп айтқаны анық түскен.

Әрине, Қуат – Қазақстан тарихындағы ең керемет спортшы емес. Біреу үшін ортақол, біреу үшін біраз жетістікке жеткен адам, бірақ тұзы жеңіл жігіт. Әрдайым халық жағын ұстанамын деп осындай келеңсіздікке жиі ұрынады.

Түсінем, күштік құрылымдағы жігіттердің бір қатарда тұрған, бір казармада жатқан, роталас достары қаза табуда. Бірақ оның өшін кім көрінгеннен ала беруге де болмайды. Күшіңді содырларға көрсет тасып бара жатса. Қара халық та қырылуда”, – деп жазды ол.

Айтуынша, спортшы – бейбіт шеруге шыққандардың бірі. Оның ниетін видеодағы сөздерін аңғаруға болады деп кесіп айтты. Ал жазықсыз жандарды жазалау әбестік дейді.

“Алаңға бейбіт халық шықты. Мейлі, қай облысты алып қарасақ та, бейбіт халық шыққан о баста. Соңғы күні арасына арандатушылар кірді. Бір аймақтар арандады, келесілер жоқ дегендей... Қураған қурайдың бір шетіне от қоя салды. Шаруа сонымен бітті.

Себеп және салдар деген сөзді ұмыттық. Мен де шықтым алаңға. Не үшін. Бейбіт халыққа оқ атылмасын, қос бүйірден қысқан қымбатшылықты ауыздықтар ма екенсіздер деген ниетпен щықтым. Енді үйде өкпеме суық тиіп жатысым мынау. Дәрі алуға теңгем жоқ. Айлығым жетпіс мың. Бірақ мен ол жерде айлығымды көтер деп айқайламадым. Өкпеме суық тиер деп ойламадым. Мемлекетімнің іргесі аман болсын, жастар бірдеңеге ұрынып қалмасын деп тұрдым. Себебі, арамызда әредік жан-жақпен байланысып, жағдайдың ушыққанын біліп тұрған жігіттер болды”, – деді журналист. 

Жақыпов алаңға өзінің де шыққанын айтты. Алайда бейбіт шеруге шыққанын, оқ атылмасын деген ниетпен жүргенін жеткізді. Журналист Хамитовтың жазықсыз шапа шеккенін де айтты. Күштік құрылымдар – елдің тыныштығы үшін жауаптылар деп жазды. 

“Шамам келгенше акиматқа бастаған, жолды жабамыз деген жігіттерді тоқтаттым. Атымды айғайлап атап екі рет шақырып алды халық.

Мәселен, осы әрекетімнен соң мені де алып кетіп итше текпілесеңіздер, мен сіздерді енді қолдаймын ба? Ол үлкен сұрақ. Іштей тынар ем. Сәтімді күтер ем. Сондықтан да, күштік құрылымдар, Тоқаев мырзаның сенімін ақтаңыздар. Елдің амандығына сіздер де жауаптысыздар. Біз бір-бірімізге жау емеспіз. Жаңа Қазақстан деді ме, соған лайық жұмыс істейік. Тек мемлекетімнің бағыты айқын болуы тиіс”, – деді.

Айта кетейік, Қуаттың қамалғаны жайлы 11 қаңтар күні белгілі болған еді. Бүгін спортшыны босатылғаны хабарланды.

Бұған дейін журналист Мақсат Толықбай алаңға шыққаның бәрі террорист емес деп көп алдына шықты. Журналист тергеудің әділ өткенін қалайды.


Талқылау