ҚР ІІМ тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеуге қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндірді
«Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына азаматтарды тіркеу бөлігіне қатысты түсініктеме берілді.
Фото: www.lada.kz
Бұл туралы Stan.kz ҚР ІІМ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тұрақты және уақытша тіркеуге қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев түсіндірді. Ол өз сөзінде тіркеу қажеттілігі жаңа талап болып табылмайтынын атап өтті.
Қазақстанда тіркеу институты 1993 жылы енгізілген. Ол еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді, бірақ жаңа тұрғылықты жерге келген азамат өзінің мекенжайы туралы хабарлауы тиіс. Бұл ішкі көші-қонға мониторинг жүргізуге, осы және басқа қалада немесе аудандағы азаматтардың есебін нақтылау үшін қажет. Осы мәліметтердің негізінде жұмыс орындарын ашу, мектеп, арухана құрылысы, инженерлік-техникалық инфрақұрылымды дамыту жоспарланады.
Бұған қоса, полициядан немесе басқалай органдардан қандай да бір арнайы рұқсат алудың қажеттігі жоқ, тұрғын жай иесінің келісімі болса жеткілікті. Тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеумен қатар, уақытша келген жерінде тіркеу де жүзеге асырылады. Уақытша тіркеуге тұру үшін бұрынғы тіркеуде тұрған жерінен шығудың қажеті жоқ, яғни тұрақты тіркеуі сақталады. Уақытша тіркеу азаматтардың өзі көрсеткен белгілі бір мерзімге рәсімделеді, бұл мерзім өткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жойылады. Яғни, уақытша тіркеуден шығу үшін ХҚКО-на арнайы барудың қажеті болмайды.
Тек 2016 жылы Қазақстан Республикасында тұрғылықты мекенжайы өзгеруіне байланысты 1 млн. 200 мың адам тіркеуді рәсімдеді және 750 мың адам уақытша келген жері бойынша тіркелді. Сонымен бірге, министрдің орынбасары, кейінгі жылдарда пәтер иелері жалдаушы тұрғындарға тіркелуге рұқсат бермейтін жағдай қалыптасқанына баса назар аударды. Соның нәтижесінде пәтер жалдаушылар – солардың арасында студенттер, басқа өңірлерден жұмыс істеуге келген адамдар, тіпті өздері қалағанның өзінде нақты тұрып жатқан жері бойынша тіркеуге тұра алмады.
Соның салдарынан, олар мемлекеттік қызметтерді, медициналық қызмет көрсетулерді, басқалай әлеуметтік игіліктерді пайдалана алмады. Сондықтан, заңды бұзбас үшін олар іс жүзінде өздері тұрмайтын мекенжайлар бойынша жалған тіркеулерді жүргізу жолдарын іздеді. Көбінесе мұндай мекенжайларда он шақты, тіпті жүздеген адам тіркеуде тұрды. Ал олардың бәрі нақты қайда тұратынын іс жүзінде ешкім білмеді.
Осындай жағдайларды криминалдық элементтер сәтімен пайдаланды, оны іс жүзінде Ақтөбе мен Алматыдағы экстремистік ағымды ұстанушылардың әрекеті көрсетіп берді. Соған байланысты 2016 жылдың соңында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» Заңымен бірқатар қосымша шаралар енгізілді.
Ең бірінші, үй немесе пәтер иесінің өздері жалға берген баспанада тұратын адамдарды тіркеу міндеттілігі бекітілді. Бір айдан астам мерзімге уақытша келгендердің де тіркеуге тұру міндеттілігі енгізілді. Бұған қоса, «Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес, уақытша тұрғындардан, үй иесі уақытша тұруға рұқсат берген азаматтардан тіркеу үшін арнайы алым алынбайды. Бұған туысқандары және қонақтары жатады. Аталған талаптардың орындалуын қамтамасыз ету үшін үй иелеріне өздеріне тиеслі баспанада азаматтарды тіркеусіз тұрғызғанына байланысты әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылған, бұрынғы уақытта әкімшілік жауапкершілікке тек тұрғындар ғана тартылды.
Мұндай шаралар тұрғылықты жері бойынша тіркеу мәселесінде азаматтардың құқықтық әрекеттерін ынталандыруға бағытталған. Дегенмен бұл, деп атап өтті Ерлан Тургумбаев, біз кең көлемді тексерулерді бірден бастап, ең қатаң шараларды қолдануға кірісеміз дегенді білдірмейді. Жұмыс сол бұрынғы жүйеде жүргізіледі. Сонымен, 2016 жылы тіркеусіз тұрғаны және жарамсыз жеке куәлікпен жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке 22 мың құқық бұзушы тартылған.
Бұған қоса, тіркеусіз тұрған уақыты бір айдан аз болса, құқық бұзушыға ескерту жасалады және тіркеуге тұруға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, маңызды жаңалықтың бірі областық маслихаттарға Көші-қон үрдістерін реттеу тәртібін бекіту құқығы берілуі болды. Бұл сол және басқа өңірдегі жағдайға байланысты тұрғылықты мекенжай бойынша жекелеген тіркелу ерекшеліктерін бекітуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге азаматтарды тіркеу рәсімдері барлық жерде барынша қарапайым болып қалады.
ХҚКО-на жүгінгенде ол 15-20 минут уақыт алады. Ол үшін бұрынғы тұрғылықты мекенжайынан алдын ала тіркеу есебінен шығудың қажеттілігі болмайды, бұрынғы мекенжайынан тіркеу және шығару автоматты түрде жүргізіледі. Мекенжай ауысқан кезде жаңа құжаттар алудың да қажеттігі жоқ – барлық мәліметтер азаматтардың жеке куәлігіндегі электронды «чипке» енгізіледі.
Сондай-ақ, үйден шықпай да үкіметтің электронды порталы арқылы тіркелуге болады, ол үшін ғаламторға қосылу мүмкіндігі және электронды цифрлы қолтаңба болса жеткілікті, мемлекеттік баж салығы электронды үкіметтің төлем шлюзі арқылы төленеді. Бұл барынша жаңа қызмет түрі, бірақ оны 2016 жылы мыңнан астам адам пайдаланды.
Тіркеу туралы ақпарат электронды мәліметтер базасына бірден түседі. Бұл азаматтарды мемлекеттік қызметті алу кезінде тұрғылықты мекенжайы бойынша анықтаманы жинау және ұсыну қажеттігінен босатады.
Соңында Тұрғымбаев тұрғындардың есебін жүргізудің осы және басқа үлгісі көптеген мемлекеттерде қолданылып келе жатқанына баса назар аударды. Мәселен, Ресей Федерациясы, Латвия, Литва, Молдова, Эстония, Грузия сияқты бұрынғы бірқатар кеңестік елдерде Тұрғындардың бірыңғай тіркелімі жүргізіледі, сондықтан тіркеуге тұру үшін мемлекеттік мекемеге өзі баруы тиіс.
ГФР-да муниципалдық қызметтер тіркеуді жаңа мекенжайға келгеннен кейінгі екі апта ішінде жүргізеді. Келген немесе кеткен мекенжайы бойынша уақытылы мәлімет бермеген немесе бөтен біреудің мекенжайын пайдаланған адамға 1-ден 50 мың евроға дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылған.
Австрияда тіркеуге тұру үшін полицияға жеке куәлігін, үйді жалға беру немесе сатып туралы келісімшартты ұсынады. Израилде полиция азаматтарға жеке куәлігінің ішіне қосып, оның тұрғылықты мекенжайы көрсетілген қосымша парақша береді.
Бельгияда да тұрғылықты мекенжай жеке куәлікке енгізіледі, бірақ қоныс аудару туралы өтініш ратушқа беріледі. Осындай тәртіптер бұдан басқа елдерде де бар. Жалпы алғанда, біздің еліміздегі тұрғылықты немесе уақытша мекенжай бойынша тіркеу туралы заң талабына енгізілген өзгерістер азаматтардың мүддесін барынша тиімді қорғауға, сондай-ақ ішкі көші-қонды бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді.
Жіберіп алмаңыз:
Назарбаев қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады
Сауд Арабиясы өткен жылы 153 қылмыскерді өлім жазасына кескен
9 жасар қызын аяусыз ұрып келген Әсел Төрежігіт ата-ана құқығынан айырылды