ҚР азаматтығын сұраушылардан қазақ тілінен емтихан алу туралы бастаманы Үкімет қолдамады
Қазақстан азаматтығын сұраушылардан конституция, тарих пен мемлекеттік тілден емтихан алу туралы бастаманы Үкімет қолдамады.
Фото: emigrant.guru
Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
Қазақстан азаматтығын сұраушылар қазақ мәдениеті мен тарихы, мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы тиіс. Бұл жергілікті халықпен тілді түсінбеу немесе қалыптасқан дәстүрді білмеуден туындайтын жанжалдарды болдырмау үшін керек. Азат Перуашев Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа осы мәндегі депутаттық сауал жолдаған болатын.
“Елімізде миграциялық дағдарысты күтпей-ақ, оны реттеу мен қазақстандық бірегейлікті қорғау жөнінде алдын ала шараларды қолға алу қажет деп есептейміз. Ең алдымен, заңнаманы конституцияға сәйкестендіру аясында азаматтық туралы заңда Қазақстанның азаматтығын сұраушылардың емтихан тапсыруы туралы нормалар қарастырылуы тиіс. Атап айтқанда, республика конституциясы, Қазақстанның мәдениеті мен тарихы, мемлекеттік тіл жөнінде және тағы басқалары. Бұл ұсыныс ешкімге ешқандай дискриминация білдірмейді. Бірақ оларға біздің халық пен мемлекетті құрметтеуге тура келеді”, — деген еді депутат.
Алайда депутаттың бұл ұсынысын Үкімет қолдамады. Бақытжан Сағынтаев бастаманы неліктен құптамайтын жауап хатта нақты көрсеткен.
“..Қазақстан Республикасының азаматтығына үміткер адамдардың саны шамалы екендігін және тиісті бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлеу, мамандарды даярлау, инфрақұрылым және емтихандар қабылдау орындарын құру (ең аз дегенде барлық облыс орталықтарында) үшін қосымша қаржы шығыстарының қажеттілігін ескере отырып,”Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заңға тиісті түзетулер енгізу мезгілсіз деп ұйғарамыз”, — деп жазылған жауап хатта.
Жалпы алғанда, Үкімет босқындар, көшіп келушілер және азаматтыққа қабылдау мәселелері халықаралық-құқықтық стандарттарға сәйкес келетін ұлттық заңнамамен жеткілікті реттелген деп есептейді (“Халықтың көші-қоны туралы”, “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы”, “Босқындар туралы”, “Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы” заңдар).