Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚР АШМ мен Coca-Cola Içecek Kazakhstan Ақтөбеде зауыт салу туралы инвестициялық келісімге қол қойды

ҚР АШМ мен Coca-Cola Içecek KazakhstanФото: Gov.kz

Құжатқа Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясының бас директоры Вели Динчельдің кездесуі қорытындысы бойынша қол қойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айдарбек Сапаров бұл жобаның іске асырылуы халықаралық инвесторлардың Қазақстанға деген жоғары сенімінің және елдің тамақ өнеркәсібіне ұзақ мерзімді инвестициялар үшін тартымды екенін айқын дәлелдейтінін атап өтті.

“Мемлекет басшысы инвестиция тарту және өңдеу салаларын дамыту мәселелеріне басымдық беріп келеді. Бүгінгі келісімге қол қою – бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың қисынды жалғасы әрі инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Сондай-ақ жобаның Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың қатарындағы түркиялық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өткім келеді”, – деді министр.

Жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 41,9 миллиард теңге, ал жаңа кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 280 миллион литрге дейін алкогольсіз сусын өндіруге мүмкіндік береді. Нысан құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айында басталады деп жоспарлануда.

Жаңа өндірістік кешен Coca-Cola Içecek компаниясының Қазақстандағы төртінші зауыты болады және халықаралық тұрақты даму стандарттарына сай экологиялық қалдықтарды басқару жүйелері мен энергия үнемдейтін заманауи технологиялармен жабдықталады.

Coca-Cola Içecek Kazakhstan бас директоры Вели Динчель келісімге қол қою компанияның Қазақстанға ұзақ мерзімді инвестиция салуға деген адалдығын растайтынын айтты.

“Ақтөбедегі жаңа зауыт өндіріс географиямызды кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашады және өңірдің тұрақты дамуына үлес қосады. Қазақстан біз үшін өсу әлеуеті жоғары стратегиялық нарық болып қала береді”, – деді ол.

Кездесу соңында министр АШМ тарапынан жобаға жан-жақты қолдау көрсетілетінін және оның іске асырылуын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп сүйемелдейтінін растады.

 

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 23:20