"Көз жасымды тоқтата алмадым": Ләйлә Сұлтанқызы марқұм Арман Дүйсеновті есіне алды
Танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызы марқұм сазгер Арман Дүйсеновті есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
БАҚ өкілі продюсер Баян Мақсатқызы мюзикл-шоуында марқұм сазгерді есіне алғанына рақмет айтты.
“Көз жасымды тоқтата алмадым. Баян Мақсатқызының Астанада Queen show-ы өтті. Арман Дүйсеновтың “Туған жер” әнінің шығу тарихына тоқталғанда көз жасымды тия алмадым. Сүртейін десем, орамал алмаппын. Ешкім көріп қоймасын дегендей қолыммен қайта-қайта бетімді сипап қоям…
Себебі құран бағыштауға Қайрекеңнің басына барған сайын, мазаратының қасынан Арман мен ұлының жатқан жерін көреміз. Соңғы рет барғанда да, қарап тұрып, жүрегімнің сыздағаны-ай! Кезінде жақын араласқан Арманды, ұлын “Алла тағала панасына алсын” деп дұғамызға қостық. Кеше Баян Арекеңді көрсетіп, еңбегін елеп, құрметін білдіргенде сол бір Кеңсайдағы көрініс көз алдыма келе берді”, – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.
Еске салайық, марқұм сазгердің ұлы да дүниеден озған еді.
2024 жылы 7 қазан күні кешке жас жігіттің денесі өз пәтерінде асылып тұрған күйінде табылған еді. Марқұмның қолдары байланған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өлімнің себебі – механикалық асфиксия. Жас жігіт қазасынан бір күн бұрын анасының қоңырауларына жауап бермеген.