Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасы: Прокурорлар айыпталушыларға ең жоғарғы жазаны тағайындауды сұрады
Фото: Tengrinews.kz
Қарағандыда Костенко атындағы шахтада болған (қазіргі Qarmet) жарылысқа қатысты сотта тараптардың жарыссөзі басталды. Апат салдарынан 46 кенші қаза тапқан еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Шахта басшылары мен инженерлік-техникалық қызметкерлерді қоса алғанда, он адам айыпталып отыр. Тоғыз айыпталушы қамауда, біреуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Оларға Қылмыстық кодекстің Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу бабы бойынша айып тағылып отыр. Бұл бап 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Сот отырысы тергеу изоляторы ғимаратының спорт залында өтіп жатыр.
Істі Қарағандыдағы Әлихан Бөкейхан ауданының аудандық сотының судьясы Бахтияр Ақанов қарап жатыр. Іс материалдары 108 томнан тұрады. Жәбірленуші ретінде 74 адам танылған.
Сот залында қаза тапқан кеншілердің суреттері ілінген плакат тұр.
Фото: Tengrinews.kz
Жарыссөз басталар алдында айыпталушылардың бірінің мүддесін қорғаушы адвокат Евгений Тен прокурор Әділ Садықовқа қарсылық білдірді.
Судья Бахтияр Ақанов бұл өтінішті қанағаттандырмаған соң, адвокат судьяның өзіне де қарсылық білдіруді сұрады. Бірақ бұл талабы да қолдау таппады.
Прокурорлар Әділ Садықов пен Бекзат Әшірбеков айыпталушыларға тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, 46 кеншінің өліміне және 20-дан астам адамның мүгедек болып қалуына әкеп соқтырғаны үшін ең жоғарғы жаза тағайындауды сұрады.
Прокурорлар шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Вадим Ерёминге, бас инженер Николай Грозновқа және №6 учаскенің бастығы Виктор Коптенковқа – қауіпсіздігі төмен колонияда 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Бас инженердің техникалық қызмет көрсету жөніндегі орынбасары Владимир Гонноченкоға, бас инженердің техника қауіпсіздік техникасын жөніндегі орынбасары Дмитрий Федоренкоға, бас механик Дмитрий Коцарға, учаске бастығының шаңжарылыс жөніндегі көмекшісі Виталий Пестрякқа және конвейерлік көлік учаскесінің бастығы Төлеген Ғабдушевке 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы сұралды.
Ең аз мерзім – 6 жыл – желдету және техника қауіпсіздігі учаскесінің бастығы Владимир Шишкановқа сұралды.
Мемлекеттік айыптаушылар, сондай-ақ, қамауда өткізілген уақытты жаза мерзіміне қосып есептеуді сұрады. Көптеген айыпталушы изоляторда 1 жыл 8 ай отырған, бұл шамамен үш жарым жылға тең.
Прокурор барлық айыпталушының кінәсі дәлелденгенін айтты.
"Сотта Костенко атындағы шахтада жуу және тақтатастану жұмыстары дұрыс жүргізілмегені, қырнауыштар мен тырмалардың жиі істен шыққаны, метан концентрациясының нормадан асқаны анықталды. 2023 жылдың қыркүйегінде өндірістік учаскелерде бірнеше рет өрт шыққан. Жабдықты жөндеудің орнына, оны көмір өндіру үшін қолдана берген. Жарылыстан кейін сланец қалқандары жұмыс істемеген. Ал он айыпталушының бәрі жағдайдан хабарсыз болған" – деді жарыссөз барысында прокурор Әділ Садықов.
Садықовтың айтуынша, айыпталушылардың кінәсін 250-ден астам куәгердің айғақтары, сараптамалардың қорытындылары, үкіметтік комиссия актілері, диспетчерлердің сөйлесулері жазылған жазбалар және өзге де іс материалдары дәлелдейді.
Бас инженердің техника қауіпсіздігі жөніндегі бұрынғы орынбасары Дмитрий Федоренко өзіне тағылған айыптарды негізсіз деп санайды. Оның айтуынша, оның қызметтік міндеттері тергеу болжамында айтылған нормалармен байланысты болмаған, ал жабдықтың ақауы туралы қорытындыны оған өкілеттігі жоқ сарапшылар жасаған. Сондай-ақ ол газдың шектен асқан концентрациясы туралы нұсқаны датчиктердің деректері жоққа шығаратынын және төкпе бөлігіндегі өрттің шығу себебі сол күйі анықталмаған.
Екінші айыпталушының жұбайы Татьяна Ерёмина күйеуінің жер астында 40 жылға жуық жұмыс істеп, барлық процесті жақсы білетінін айтты. Оның сөзінше, өрттің шығуына адам факторы себеп болуы мүмкін – мысалы, біреу қауіпті аймақта шылым шеккен болуы ықтимал, әрі оның айтуынша, іссапармен келген жұмысшылар қауіпсіздік техникасын әрдайым қатаң сақтай бермеген.
Сонымен қатар әйел жарылыстың табиғи себебі болуы да мүмкін екенін жоққа шығармайды, әрі жауапкершілікті тек шахта басшылығына жүктеу әділетсіз деп есептейді.

"Металлургияға 50 балмен түсуге болады": Биыл қазақстандық талапкерлер қанша балмен грант иесі атанды
