Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қостанайлық әйел дәрігерлердің кесірінен сәбиі мен қайта ана атану мүмкіндігінен айырылған

Фото: freepik.com

Қостанай тұрғыны Әсел Уақбаева қызының өліміне және ана атану мүмкіндігінен айырылуына дәрігерлерді кінәлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тәуелсіз сараптама дәрігерлердің әрекеттерінде қателіктер болғанын растады, алайда іс әлі күнге орнынан қозғалмаған. 

Жас әйел жүктіліктің 35-аптасында қан аралас бөліністермен және су кетіп, перзентханаға түскен. Әйелдің айтуынша, дәрігерлер жедел шара қолданбаған, шұғыл кесар тілігіне жіберудің орнына, күтуді ұсынған. Соның салдарынан нәресте жатырда шетінеп кеткен. Дәрігерлер осыдан кейін ғана әйелге шұғыл ота жасап, жатырын алып тастаған.

"Олар уақытты созды. Мен алаңдатарлық белгілермен келдім, УДЗ жасалған жоқ, тексеру де жүргізілмеді. Ота жасау үстеліне мені тек жүрек соғысы тоқтағанда ғана жатқызды. Ал кейін “Есесіне өзіңді аман алып қалдық қой” деді", – дейді Әсел.

Облыстық аурухана ішкі тексеріс жүргізіп, ешқандай заңбұзушылық анықтамаған. Әсел адвокатымен бірге ондаған шағым мен өтініш жолдаған. Оның айтуынша, тек екі айға созылған әрекеттерден кейін ғана тәуелсіз сараптама жасауға қол жеткізген.

"Олар бұл комиссияны үш күннің ішінде құруы керек еді, ал олар екі ай күттірді. Басында бұл – “медициналық оқиға” деп, комиссияның қажеті жоқ деді. Ақыры сараптама өткізілді. Оның нәтижелері менің және сақтандыру компаниясы өкілінің көзінше оқылды. Үш емханадан келген дәрігерлер денсаулығыма зиян келтірілгенін растады", – дейді Әсел.


"Балам ішімде тұншыққанша күтті": Өскемендік келіншек сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды

"Өз аяғымен кірген бауырымның денесін 2 сағаттан соң алып шықтық": Дәрі еккеннен көз жұмған шымкенттік оқушының туыстары бауырының өліміне дәрігерлерді кінәлайды


Комиссияның қорытындысы бойынша, әйелдің қан аралас бөліністер туралы шағымы медициналық құжаттарға тіркелмеген, ұрықтың жағдайы тиісті деңгейде бақылауға алынбаған.

Алайда сақтандыру компаниясының өкілі бұл жағдайды сақтандыру оқиғасы ретінде мойындаудан бас тартты. Ол комиссия құрамында сақтандыру компаниясының өкілі болмағанын алға тартып, мұның денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына қайшы келетінін айтқан. 

"Олар "бұл – бірінші жағдай, не істерімізді білмейміз" дейді. Қазір емделу мен адвокат қызметінің шығындарын кім өтеуі керек екені түсініксіз. Әлі күнге дейін ешкім жауапқа тартылған жоқ", – дейді Әселдің адвокаты Алмат Рсалин.

Зардап шеккен әйелдің шағымы облыстық ауруханаға қайта жолданған. Онда тағы бір тексеріс жүргізіліп, тәуелсіз комиссия құрылған. Фармацевтикалық бақылау департаментінің мәліметінше, комиссия өтініш беруші мен сақтандыру брокерін хабардар еткен.

"Өтемақы төлеу мәселесі енді сақтандыру компаниясына байланысты. Медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру институтының енгізілуіне байланысты заңнама өзгерді", – деп түсіндірді фармацевтикалық бақылау департаменті.

Аймақтың денсаулық сақтау басқармасы жағдайға қатысты кейінірек пікір білдіруге уәде берді. Ал Әсел Уақбаева прокуратураға, денсаулық сақтау министрлігіне хаттар жазуды жалғастыруда.

"Олардың қолында екі өмір болды. Қазір олар мені аман алып қалғандарын айтады. Ал менің қызымды кім аман алып қалды? Мен 35 жаста, екінші баламды күтіп жүр едім. Менің ұлым бар, тағы бір қызым болуын армандадым. Енді ол жоқ. Жатырым да жоқ. Мен бұған қалай шыдаймын", – дейді Әсел.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында жүкті әйелдің өліміне кінәлі дәрігерлер жазаланған еді. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 15 Мамыр, 2025 22:15
Талқылау