Қостанайда жүріп келе жатқан таксиден құлап түскен әйелді көлік басып кетті
Видеодан скрин
Қостанайда әйел жүріп келе жатқан таксиден құлап, басқа көліктің астына түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады. Видеодан такси қиылыстан бұрылып жатқан сәтте артқы есігінің ашылып, ішінен жодаушының құлап кеткенін байқауға болады. Таксидің артында келе жатқан көлік жүргізушісі адамды байқамай, үстінен басып өткен.
Қостанайлық “Наша Газета” басылымының мәліметінше, көліктен құлап кеткен әйелдің жасы 65-те. Әйел аман қалғанымен, көптеген жарақат алған. Қазір зардап шеккен әйел ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалауда.
Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бойынша әкімшілік іс қозғалған.
"Такси жүргізушісі жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды", – делінген полиция хабарламасында.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесіне сәйкес, салондағы орнына қарамастан барлық жолаушылар қауіпсіздік белдігін тағуға міндетті екенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы – Бішкек тас жолында болған жол апатынан сегіз адам қаза тапқаны туралы жазған едік.

"443 мың теңге айыппұл”: Қазақстандықтар екі-үш жерде жұмыс істесе қандай жауапкершілікке тартылады
