Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда үлескерлер рұқсат қағазы жоқ компанияға ақша салып, нысансыз қалды

қостанай үлескер

Фото: TobolInfo

Қаржы мониторингі агенттігі Қостанай облысы бойынша департаменті Bolashak Construction Company KZ басшысына қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тергеу амалдарына сай, күдікті 2022–2024 жылдар аралығында тиісті рұқсат құжаттарынсыз "Семья" тұрғын үй кешенінің үлестік құрылысына қатысу сылтауымен жеке тұлғалардан ақша алған. Олармен пәтерлер мен коммерциялық нысандарды алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған.

Жобаның заңды көрінісін қалыптастыру үшін әлеуметтік желілерде жарнама жүргізіліп, Қостанайда кеңсе жалға алынған.

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде "Семья" тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысына 28 жеке және 1 заңды тұлғадан жалпы сомасы 162 миллион теңгеден астам қаражат тартылған.


Esentai City-дегі үлескерлерінің қаражатын ұрлады деп айыпталған Ольга Әбдіғаппарова 2,5 жылға сотталды


Алайда күдікті бұл қаражатты нысанды белгіленген мерзімде аяқтамай, өз қалауынша жұмсаған. Қазір тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысы аяқталмаған.

Сот санкциясымен күдіктінің мүлкіне, оның ішінде Hyundai Santa Fe автокөлігіне, үш бөлмелі пәтеріне және жертөле коммерциялық үй-жайларына тыйым салынды.

Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 30 Наурыз, 2026 15:29