Қостанайда нейрохирург науқасқа мас күйде ота жасап, өліміне себеп болды деген күдікке ілінді

видеодан скрин
Қостанайда нейрохирург науқасқа мас күйде ота жасап, өліміне себеп болды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанай облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Евгений Ковалев шұғыл ота жасау үшін Арқалық ауруханасына шақырылған. 61 жастағы науқас Тасболат Сақыпов бір сағатқа созылған отадан соң көз жұмған.
Дәрігер ауруханадан шұғыл шығып, көлігімен облыс орталығына бет алған сәтінде марқұм Сақыповтың туысы жол бойында тоқтатып алған.
Марқұмның туысы дәрігердің мас күйінде болғанын айтады. Ол дәрігер отырған көліктен бос сыра бөтелкелері салынған пакетті шығарып, видеоға түсіріп алған. Ал дәрігер ішімдік ішкенін жоққа шығарып, мас емес екенін айтады.
Ақпарат тез арада әлеуметтік желілерде тарап, қызу талқыға түсті.
Тараған ақпаратқа қатысты денсаулық сақтау саласына жауапты мамандар төтенше брифинг өткізді.
"Қайғылы жағдай отаның қай сатысында болғанын сот-медициналық сараптама анықтайды. Дәрігер операцияға жалғыз емес, бригада құрамында қатысады. Оның кәсібилігіне күмән келтіруге себеп жоқ. Ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеріп жатыр, қазір Ковалев қызметінен шеттетілген", – деді жедел жәрдем станциясының бас дәрігерінің қызметін атқарушы Олег Мелешко.
Ал дәрігерлер кәсіподағының басшысы барлығына кадр тапшылығы кінәлі екенін айтады.
"Кадр тапшылығы барлық жерде бар, әсіресе санитарлық авиацияда ол айқын сезіледі. Дәрігер Арқалыққа жерүсті көлігімен жеткізілген. Дәрігер ол жерге ұзақ және шиеленісті жұмыс күнінен кейін жіберілген. Дәрігерді қаралауға бағытталған видео ота бөлмесінде түсірілмеген. Бұл – тұрмыстық жағдай, соны қазір қайғылы оқиғамен байланыстыруға тырысып жатыр. Ота залында әрдайым бірнеше адам болады. Дәрігер өзін жайсыз сезінсе жасыра алмайды. Егер әріптестері ондай жағдайды байқаса, науқасқа қауіп төндіруге жол бермес еді", – дейді Senim денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Татьяна Булгацевич.
Әзірге дәрігердің ота барысында мас күйде болып-болмағанына қатысты нақты ақпарат жоқ. Денсаулық сақтау басқармасы ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
Полиция жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғады.
"30 минутқа созылады, тез келемін деген еді": Астанада көзіне лазерлі ота жасатуға барған жалғызбасты ана қаза тапты