Қостанайда аудандық білім бөлімі 2,2 миллион теңгеге негізсіз жиһаз сатып алған
Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған
Қостанай ауданының білім бөлімінің мемлекеттік қаржыны тиімсіз пайдаланғаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тексеру барысында білім бөліміне қарасты емес әдістемелік кабинетке 2,2 миллион теңгеге 14 дана кеңсе жиһазы сатып алынғаны анықталды. Бұл фактіні "АДАЛ ДОС превенция" қоғамдық бірлестігі мен "ГрИн" Қостанай облыстық азаматтық альянсы жүргізген тексерісінен кейін мәлім болды.
Сондай-ақ, "Ауданның үздік білім беру жүйесі" атты іс-шараны өткізу үшін бюджеттен қаржы бөлуге ресми өтінім жасалмағаны белгілі болды. Дегенмен құжат жүзінде қызметкерлерге ынталандыру көрсетіліп, бұл мақсатта облыстық білім басқармасынан мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаражат жұмсалған.
Бұл әрекет Бюджет кодексінің талаптарына қайшы келеді. Сондықтан заңсыз төленген қаражат бюджетке толық көлемде қайтарылды.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша білім басқармасына оларды жою және кінәлі қызметкерлердің жауапкершілігін қарастыру жөнінде ресми нұсқама жолданды.
Өскемен әуежайы басшылығы бес жыл бойы ақша жымқырған деген күдікпен қамауға алынды
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында аудандық білім бөлімінің басшысы және 7 бухгалтер сотталғанын жаздық. Сотталушылар білім беру саласында нақты еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақы аудару арқылы 686 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
