Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай тұрғыны TikTok-та ұлтараздық қоздырғаны үшін бас бостандығынан айырылды

Қостанай тұрғыны TikTok-та ұлттық араздықты қоздырғаны үшін бас бостандығынан айырылды

Фото: tobolinfo.kz

Қостанай тұрғыны 44 жастағы Юлия Хон TikTok-та ұлтараздық қоздырғаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “ТоболИнфо” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қостанай қаласының №2 сотында Юлия Хонға қатысты үкім жарияланды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі – “Әлеуметтік, ұлттық, рулық араздықты қоздыру” бабы бойынша айыпталған.

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қараша айының басында, шамамен түнге сағат 03:45-те айыпталушы алкогольдік ішімдік ішіп, TikTok әлеуметтік желісіне кіріп, өз аккаунты арқылы тікелей эфирге қатысқан. Юлия Хонның адвокаты Валерий Лидің айтуынша, эфир барысында Ресей мен Украина арасындағы соғыс тақырыбы талқыланған.

Тікелей эфир кезінде айыпталушы бейәдеп сөздер қолданып, талқылауға қатысушыларды ұлттық белгісі бойынша қорлайтын пікірлер айтқан. Ол ұлтараздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер жасаған.

Істі қараған судья Ольга Кузнецова Хонның кінәсі тікелей эфир жазбасы, сараптамалық қорытындылар және куәгерлердің айғақтары арқылы толық дәлелденгенін атап өтті.

Сот Юлия Хонды екі жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, жазаны ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтеуге үкім шығарды. Бұған дейін айыпталушы елден шықпау туралы қолхатпен жүргендіктен, сот үкімі жарияланған сәтте ол залда қамауға алынды.

Сонымен қатар, сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Атап айтқанда, Юлия Хонның асырауында жол-көлік оқиғасынан кейін көру қабілетінен айырылған ұлы бар, әрі оның емделу шығындарын өзі төлеп отыр.

Айта кетейік, айыпталушы тұрмыста, жұмыс істейді және бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

Сондай-ақ оған 826 мың теңге көлемінде процессуалдық шығындарды өтеу міндеттелді.

Адвокат Валерий Лидің айтуынша, аталған тікелей эфир барысында оның қорғауындағы тұлға да қорланған, ал ол бүкіл бір ұлтты емес, нақты бір адамды ғана балағаттаған.

Қорғау тарапы сот үкіміне шағым түсіретінін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда танымал боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйеліне іздеу жарияланғаны хабарланды.  Екатерина Бивол Instagram желісінде түрлі ұлт өкілдеріне, оның ішінде қырғыздар мен қазақтарға қатысты қорлайтын сөздер айтып, видео жариялаған еді. Осындан кейін Қырғызстанның ішкі істер министрілігі Екатерина Биволдың үстінен “ұлттық және нәсілдік араздықты қоздырды” деген айыппен қылмыстық іс қозғады. Кеше Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенат кулуарында бокс бойынша әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйеліне Қазақстанда қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 12 Қаңтар, 2026 19:29