Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысының тұрғыны бір жыл бұрын су тасқыны кезінде берілуге тиіс болған өтемақыны ала алмай жүр

Қостанай облысының тұрғыны бір жылға жуық уақыт өтсе де су тасқынынан келген шығынның орнын толтыра алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Наша газета басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Наша газета

"Весна" қоғамдастығындағы саяжайдың тұрғыны Олег Широкихтің Қостанай ауданы әкімінің үстінен түсірген талап арызы облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта қаралып жатыр. 2024 жылдың сәуір айында тұрғынның үйін тасқын су басқан. Мичурин ауылдық округінің әкімдігі келтірілген материалдық шығынды есептеп, өтемақы төлеуден бас тартқан. Мемлекеттік мекеме саяжайды тұрғынның жалғыз өзіне тиесілі емес деп шешкен.  

Олег Широких саяжайда бұрыннан бері тұратынын айтады. Ол әкімдіктен мүлкін бағалау туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жоюды, өзін су тасқынынан зардап шеккен деп есептеп, қайта бағалау жүргізуді және 150 АЕК (589 мың 800 теңге) мөлшерінде бүлінген мүлікке өтемақы төлеуді талап етеді.

Сот отырысында судья Марияш Жамалиева тұрғыннан “Бұған дейін саяжайда тұрақты тұрмайтыныңызды, тек демалыс күндері келетініңізді айтыпсыз. Расымен солай ма?” деп сұрады. 

Фото: Андрея Скибы/Наша газета

“Мен олай айтқан жоқпын. Мен ол жерде 2022 жылдан бері тұрамын”, – деп жауап берді талапкер. 

Ол қазір Алтынсарин ауданындағы Силантьевка ауылында тұратынын, бірақ су тасқынына дейін саяжайында болғанын жеткізді. 

“Весна" қоғамдастығына қарасты үйді оқшаулап, қайта салып, шатырын жаңарттым. Оны арнайы тұрғын үй ретінде пайдалануға бердім. 6 сәуірде үйді су басты. Су белге дейін жетті. Ол аумақтан қайықпен жүзіп өттім”, – деді тұрғын. 

Сондай-ақ сотта талапкердің жұмысқа орналасу құжатында неліктен Қостанай қаласындағы мекенжай көрсетілгені, электр қуатына неліктен аз ақша төленгені сұралды. 

Широких жұмысқа орналасу кезінде материалдық жауапкершілікті талап ететіндіктен Қостанай қаласындағы мекенжайын көрсеткенін жеткізді.

“Ал электр қуатына келсек, ол учаскеде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті тұтыну көлемі де әртүрлі болуы мүмкін”, – дейді тұрғын. 

Сонымен қатар талапкер 2016 жылдан бері жер телімін (10 сотық) алуға кезекте тұрғандықтан саяжайда тұруға шешім қабылдағанын айтты. Алайда оның кезекте тұрған нөмірі 16 660. 

Әр тиынға есеп береміз

Қостанай ауданы әкімдігі тұрғынға бұған дейін су тасқынынан зардап шегуші ретінде 369 200 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы берілгенін мәлімдеді. Олардың мәліметінше, комиссияның мүлікке өтемақы төлеуден бас тартуы заңды.

Қостанай ауданы әкімінің орынбасары, Су тасқынынан келген шығынды өтеу жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Маржан Досқалиева "Весна" қоғамдастығының төрағасы Евгений Коротов берген саяжайда тұратындар тізімінде Широкихтің тіркелмегенін мәлімдеді. 

"Біз "Весна" қоғамдастығының төрағасына осы тізімді түзетуге және толықтыруға бірнеше рет мүмкіндік бердік. Өйткені түсініспеушілік болуы мүмкін", – деді Досқалиева сотта. 

Ал тұрғын бұл тізім бас тартуға негіз болмауы керек деп есептейді. Широких бұл тізім туралы ешкім хабардар етпегенін айтты. Мұны білгенде төрағадан тізімге енгізуді сұрайтын едім дейді тұрғын. 

“Мен еркін адаммын. Үйге қалаған уақытымда келіп, кете аламын. Өзімнің тұрған жерімді хабарлауға міндетті емеспін деп ойлаймын. Үйге келіңіз, көріңіз. Бұл менің жалғыз үйім екенін дәлелдей аламын", – деді Широких.

Бізді ешкім эвакуациялаған жоқ

Комиссия мүшесі 5 және 6 сәуірде су басқан аумақтардан адамдарды билік өзі эвакуациялағанын айтты.

“Олардың кейбірі эвакуациялау пункттеріне орналастырылды. Басқалары туыстарының үйінде қалды. Алайда Широких эвакуацияланғандардың арасында болмады. Саяжай оның жалғыз үйі болса, бұл күмән туғызатын жағдай”, – деді комиссия мүшесі.

Широких 6 сәуірде саяжайда болғанын айтты. Ол су тасыған кезде көршісінің көлігін шығаруға көмектескенін жеткізді. 

Фото: Наша газета

“Мені ешкім көрмеді дейді. Бірақ мен жергілікті билік өкілдерінен ешкімді көрмедім. Неліктен 5 және 6 сәуірде ол жерде қайықтар да, құтқарушылар да болмады? Біз өзімізді эвакуацияладық”, – деді тұрғын. 

"Весна" қоғамдастығының төрағасы Евгений Коротков 5 сәуірде онда тұрақты тұрып жатқан бес отбасы саяжайларынан көшірілгенін айтты.

“6 сәуір күні кешке Весна толығымен су астында қалды. Широкихтың бізбен тұрақты тұрған иә тұрмағанын айта алмаймын. Бір учаскенің жанында көлік тұратынын көретінмін. Бірақ ол жерде кім тұратынын білмеймін. Сәуірде хаос болғандықтан Широких тізімге енбей қалған болуы мүмкін. Алайда оның үйінің жарығы үздіксіз жанып тұратын", – деді ол.

Широких 2024 жылдың маусым айында Коротковпен байланысқа шығып, оны тізімге енгізуді өтінген. Өйткені Мичурин ауылдық округінің әкімдігі оған өтемақы төлеуге уәде етіп, бірақ сол күйі бермеген. 

"Ол кезде тізімдер бекітілген еді. Ооны ол жерге қосу мүмкін болмады", – деді Коротков.

Келесі сот отырысы 20 наурызға белгіленді.

Айта кетейік, былтыр үкімет төтенше жағдай жарияланған елді мекендердегі бүлінген тұрғын үй иелеріне 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде бірреттік төлем берілетінін айтқан еді. Сондай-ақ 150 АЕК (553 800 теңге) көлемінде тұрмыстық техника мен жабдыққа келтірілген залал үшін өтемақы берілетінін мәлімдеген. Алайда мүлікке өтемақы тек жалғыз баспана барларға ғана төленетіні айтылған. 

Талқылау