Қостанай облысында жабайы түлкілер адамдарға шабуылдай бастаған
Фото: Желі кадрларынан скрин
Қостанай облысының Жітіқара жанармай құю бекетінде түлкі өзін видеоға түсіріп жатқан әйелді тістеп, кейін артынан қуа бастаған. Кадрлар әлеуметтік желілерге тарап, жұрттың алаңдаушылығын тудырды. Себебі көпшілік соңғы уақытта елді мекендерге түлкілердің жиі келетінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, мамандар жағдайды үнемі бақылауда ұстап отыр, ал елді мекендерде жабайы жануарлардың пайда болуы туралы тұрғындардың шағымдары көбейіп келеді.
"Жұмыс ауысымы кезінде “Эталон” ЖШС өндірістік аумағында күзет қызметкері жабайы жануарды байқап қалған. Қызығушылықпен оны телефонға түсіріп, қауіпсіздік ережелерін елемей, жақындамақ болған. Сол сәтте түлкі агрессия танытқан", — делінген прокуратура хабарламасында.
Түлкі тістеген әйел Жітіқара аудандық ауруханасына жүгінген. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, вакцина егілген. Ауруханаға жатқызу қажет болмаған.
Прокуратураның айтуынша, әкімдік, полиция, ветеринарлық қызмет және аңшылар қоғамының өкілдерінен құралған арнайы жұмыс тобы құрылды.
8 қарашадағы мәлімет бойынша, елді мекендерде жабайы жануарлардың пайда болуы туралы төрт жағдай тіркелген. Барлық арыздар бақылауға алынды. Тұрғындарға жабайы жануарларға жақындамау және мұндай жағдай болса, 109 нөміріне хабарласу ұсынылды.
“Қазақ әйелін аяққа таптайды, байлар жарысады: Тоқал алуды заңдастырудың соңы неге әкеп соғады?