Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысында хирург өзін науқасқа қарауға шақырғаны үшін терапевтті ұрып тастаған

Фото: жасанды интеллект

Қостанай облысында хирург өзін науқасқа қарау үшін шақырған ординатор бөлмесінде терапевтті ұрып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қостанай облысының "Құқық қорғау орталығы" қоғамдық бірлестігінің мәліметінше, оқиға 21 желтоқсанда болған. Қостанай аудандық ауруханасының (Тобыл қаласы) терапевт дәрігері шап жарығына күдікпен түскен науқасқа кеңес беру үшін жедел хирургті шақырған.

Хабарламаға сәйкес, хирург телефон арқылы наразылығын білдіріп, кейін әріптесін ординатор бөлмесіне шақырған. Кейін оның басынан, бетінен және мойнынан ұрған. Зардап шеккен дәрігер бұл жағдайды жасырмай, полиция шақырып, түсініктеме берген және алған жарақаттарын тіркеу үшін медициналық тексеруден өткен.

Бұл ақпаратты Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

“Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Нәтижесіне қарай заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады”, – деді ведомство.



Еске салайық, Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жаза күшейтілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық қызметкерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін Қылмыстық кодекске 380-3-бапты енгізетін заңға қол қойды.

Жаза құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты белгіленеді. Қоқан-лоқы көрсеткені үшін 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл (2,1 млн теңгеге дейін) немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Өмірге қауіпті емес зорлық-зомбылық үшін 1000 АЕК-ке(3 миллион 932 мың теңге) дейін айыппұл немесе 2 жылдан 3 жылға дейін түрме жазасы көзделген. Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда – 7 жылға дейін. Ал өмір мен денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылық үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ауырлататын жағдайлар болса, қылмыскер 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 14 Қаңтар, 2026 14:54