Қостанай облысында дәрігер соққыға жығылды: Жағдайға облыс әкімі пікір білдірді
Облыстық аурухана
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов облыстық ауруханада дәрігердің соққыға жығылуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыс басшысы мұндай жағдайлар қоғамда тұрғындар тарапынан қатаң айыпталуы керегін мәлімдеді.
“Бүгін облыстық аурухананың қабырғасында орын алған сорақы оқиғаға қысқаша пікір білдіргім келеді. Жаңа ғана біреудің өмірін аман алып қалған дәрігер қызмет орнында соққыға жығылды. Мұндай жағдайлар біздің қоғамда орын алмауы тиіс және барша тұрғындар тарапынан қатаң айыпталуы қажет. Құқық қорғау органдарына істі толық әрі әділ тергеп-тексеруді тапсырдым. Кінәлі адам заң алдында жауап беруі тиіс”, – дейді Ақсақалов.
Сонымен қатар аймақ басшысы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қауіп-қатерге ұшырауына жол бермейтінін атап өтті.
“Олар — күндіз-түні, ауа райына қарамастан, өз міндетін адал атқарып жүрген жандар. Дәрігерлердің қауіпсіздігі мен қоғамдағы мәртебесі — басымдықта болуы тиіс. Менің тапсырмаммен ауруханаға орынбасарым барды. Зардап шеккен дәрігердің әріптестерімен байланыстамыз”, – деп түйіндеді облыс әкімі.
Еске салайық, кезекте тұрған науқас дәрігерді соққыға жыққаны туралы хабарлаған едік. Науқастың шабуылынан дәрігер есінен танып қалған.

"Екінші балаға бұл салт-жоралғы жүрмейді": Қазақстандық ата-ана құдаларынан босанған қызын 40 күнге жіберуге рұқсат сұрап, кәдесый алып келген
