Қостанай облысында бұрынғы әйелі мен балаларын ұрлап кеткен ер адам сотталды
Арқалықта азаматтық некедегі бұрынғы әйелін және балаларын ұрлап кеткен ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: istockphoto.com
Сот мәліметінше, ер адам әйелді ұрып-соғып, кейін пышақпен қорқытып, балаларымен бірге пәтерінен күшпен шығарып алып кеткен. Оларды таксиге отырғызып, Астанаға бет алған, алайда Державинск қаласында оларды полиция ұстаған.
Арқалық қалалық соты ер адамды кінәлі деп таныды.
“Сот айыпталушының әрекеттерінде қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларды анықтамады. Айыпталушының тұлғасын, жасаған әрекетінің қоғамға қауіптілік дәрежесін және сипатын ескере отырып, сот айыпталушы К-ға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген Қостанай облыстық сотының хабарламасында.
Сот отырысы кезінде айыпталушының бұрынғы әйелі, ортақ балаларыны барын алға тартып, оны кешіретінін айтты. Айыпталушының өзі "Адам ұрлау" бабы бойынша кінәсін мойындамай, тек жәбірленушіге дене жарақатын салғанын, бірақ ол үшін кешірім сұрағанын айтты.
Еске салсақ, бұған дейін Атырауда 22 жастағы қызды күштеп ұрлап кеткен жігіт айыппұлмен құтылып кеткені туралы жазған едік.