Қостанай облысында ауылдық округ әкімі қызметтік көлікті мас күйде айдағаны үшін қызметінен босатылмақ
Фото: Время
Қостанай облысында ауылдық округ басшысы Марина Джафарова әкімдікке тиесілі қызметтік көлікті мас күйінде айдап, мемлекеттік мүлікті заңсыз пайдаланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әкімнің ісін Қостанай облыстық әдеп кеңесінің мүшелері қараған.
Марина Джафарова – Меңдіқара ауданына қарасты Михайлов ауылдық округінің әкімі. Мәліметке сәйкес, ол мемлекеттік мекеме ғимаратындағы бос орында тегін негізде косметологиялық кабинет ашуға рұқсат еткен. Әрине, шалғай және халқы аз ауылдарда бизнес жүргізу қиын, тиімсіз әрі сирек кездесетін іс. Сондықтан жергілікті билік осындай бастамалардан түсетін аздаған салық арқылы пайда тапқысы келген болар.
Алайда, әдеп кеңесі Джафарованың бұл шешімді заң талаптарын бұзып, жабық түрде қабылдағанын анықтады. Мәліметке сәйкес, ол нысанды жалға беру үшін аукцион өткізбеген. Тегін жалдау келісімін мемлекеттік мүлік реестрінде тіркемеген және жалға алушыдан коммуналдық қызмет ақысын төлеуді талап етпеген. Бар болғаны Михайлов ауылы тұрғындарының косметологиялық кабинет ашуды қолдайтыны жөніндегі жиналыс хаттамасы болған. Бірақ әдеп кеңесі бұл құжат әкімнің әрекетін заңды деп тануға жеткіліксіз деп есептеді.
Сонымен қатар, Джафарованың мас күйінде көлік жүргізген дерегі де тіркелген. Ол әкімдіктің қызметтік көлігін айдап келе жатқан жерінен ұсталған. Медициналық сараптама оның мас күйде болғанын растады. Сот шешімімен әкім 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Михайлов округі әкімінің әрекетін ақтайтын қандай да бір мән-жай табылмағандықтан, Әдеп кеңесі Меңдіқара ауданының әкіміне Джафарованы қызметінен босату жөнінде қатаң ұсыныс берді. Әдеп кеңесінің мәлімдеуінше, ол өз іс-әрекетімен мемлекеттік биліктің абыройын түсірген.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында ауыл әкімі ауыл тұрғынын балағаттағаны үшін айыппұл арқалағаны туралы жазған едік.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
