Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өңгеріп лақтырған": Қостанай облысындағы түнгі клубта адам өлтірген күдіктіге сот үкімі шықты

Қостанай облысында Лисаков қаласындағы түнгі клубтардың бірінде төбелесіп, абайсызда адам өлтірген күдіктіге сот үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Дәмханада сотталушы Ш масаң күйде жәбірленуші П-мен жанжалдасып, өзара дау кезінде оның белінен ұстап, еденге лақтырған. Оның бұл әрекеті адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру деп бағаланды.

“Сотталушы марқұмның бетінен бес рет соқты. Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде жәбірленуші П ауыр дене жарақаттарын алып, кейін "Лисаков қалалық ауруханасы" КМК реанимация бөлімшесінде қайтыс болды”, – деп мәлімдеді Қостанай облыстық соты. 

Сотта азамат Ш-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Күдіктіге қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша айып тағылды. Сотталушы кінәсін толық мойындады. 

Мемлекетті айыптаушы айыпталушыны 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, жәбірленуші тарап бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

“Айыпталушы 8 жылға сотталды. Ол жазасын орташа тәртіптегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ”, – делінген жазбада.

Бұған дейін Қостанай облысында түнгі клубтағы төбелес кезінде бір адам көз жұмғаны туралы жазған едік.

Талқылау