Қостанай ауруханасының бас дәрігері көлікті мас күйінде басқарғаны үшін қамауға алынды
Фото: oblmed.gov.kz
Қостанай облыстық ауруханасының бас дәрігері Асқар Махмұтов қызметке енді кіріскен кезінде қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға демалыс кезінде болғанымен, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы мұның кәсіби емес, жеке мәселе екенін айтты.
22 маусымға қараған түні Асқар Махмұтов әріптесімен көлікте келе жатып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Жол-патрульдік полиция көлігін тоқтатып, хаттама толтырып, бас дәрігерді медициналық тексеруге жіберген. Клиникалық зерттеу нәтижесі бойынша бас дәрігердің қанынан психоактивті зат табылған. Осылайша, алкогольдік мас болу фактісі анықталды.
Сотта Махмұтов кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін жеткізді. Бұл жауаптылықты жеңілдететін мән-жай деп танылды. Алайда судья Мұхтар Тойбазар оны 15 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарды.
"Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігінің санкциясы баламасыз, яғни жеңілдететін мән-жайлар жоқ. Осыған байланысты Махмұтов А.Т.-ға қатысты 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қолданылды", – делінген сот қаулысында.
Сонымен бірге 4 шілдеде әкімшілік сотта Махмұтовқа қатысты екінші іс қаралады. Бұл жолы қарсы жолаққа шығу бойынша жол жүру ережесін бұзу дерегі қаралады.
Денсаулық сақтау басқармасы не дейді
Басқарма Қостанай облыстық ауруханасы бас дәрігерінің көлікті мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік қамауға алынғанын растады.
"Оқиға 22 маусымға қараған түні жұмыстан тыс уақытта,. демалыс күні, ақысыз еңбек демалысында болған. Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мұны жеке тұлғаның тарапынан болған мінез-құлық нормаларын бұзу деп бағалайды. Аалайда оны кәсіби қызметіне қатысы жоқ жағдай деп есептейді", –делінген басқарма жауабында.
Сот шешімі орындалғаннан кейін басқарма қызметкермен профилактикалық әңгіме жүргізбек. Оның қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Басқарма басшылығы әрбір азамат қандай қызмет атқарса да, жеке жауапкершілікте екенін және заң алдында тең екендігін баса айтады.
Асқар Махмұтов кім?
Асқар Тәуекелұлы Махмұтов 5 ақпанда Қостанай облыстық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқаруға кірісті. 1980 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Мамандығы бойынша – хирург. Астанада, Балқашта, Маңғыстауда әртүрлі қызметте, оның ішінде басшылық қызметтерде болған. "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік наградасымен марапатталған.
Айта кетейік, бұған дейін Мас күйінде көлік жүргізгені үшін жұмыстан қуылған тәртіп сақшысы Қазақстан заңнамасына өзгеріс енгізуді талап еткен еді.

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
