Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қосылған құн салығы 16%, төменгі шегі – 40 миллион: Мәжілісте жаңа Салық кодексі талқыланды

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәжіліс отырысында қосылған құн салығына қатысты өзгерістерді таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

салық сток

Фото: рixabay.com

Жұманғарин кәсіпкерлермен кеңесе келе қосылған құн салығы бойынша ең төменгі шекті 40 миллион теңге деп белгілеу ұсынылғанын айтты. 

"Қосылған құн салығы 16% болады. Екінші, қосылған құн салығы бойынша шегі 40 миллион теңге мөлшерінде белгіленеді. 40 миллион теңге – үкімет пен депутаттардың конструктивті позициясының арқасында жеткен келісімнің жемісі. Бірақ біз бұдан кейін 160 мың  жаңа салық төлеушілерден айырыламыз. Сонымен қатар қосылған құн салығынан қосымша жиналатын 400 миллиард теңгеден қағыламыз", – деді ол.

Осылайша кәсіпкерлер алдағы уақытта үкімет пен парламент осындай келісімге келуге дайын екенін білуге тиіс дейді. Сондай-ақ салық реформасы аясында ұсынылған басқа да өзгерістер:

  • әлеуметтік саладағы корпоративті табыс салығы кезең-кезеңімен өседі – 2026 жылдан бастап 5%-ға және 2027 жылдан бастап 10%-ға; 
  • арнаулы салық режимінде тыйым салынатын емес, рұқсат етілмейтін тізім енгізіледі. Тыйым салынбағанның барлығына рұқсат беріледі; 
  • ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін "минус 70%" жеңілдік ставкасы күшінде қалады;
  • өңдеу өнеркәсібі үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 20% күйінде қалады; 
  • Банк операциялары бойынша да қосымша құн салығы алынатын болады. Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп, бағаның өсуіне жол бермеу үшін қолданыстағы тарифтердің негізділігіне талдау жүргізеді.

“Салық реформасынан не күтеміз? Нәтиже айқын сезілетін болады. Жылына қосымша 4-5 трлн теңге салық түсімдері. Ұлттық қорға тәуелділіктің төмендеуі. Бюджет өзін-өзі қамтамасыз етеді.  Иә, өзгерістер инфляцияға әсер етуі мүмкін, бірақ бұл әсер уақытша болады және бір жыл ішінде күтілуде. Біздің есептеулеріміз бойынша қосымша инфляция 2,5-3% болады”, – деп түйіндеді Серік Жұманғарин. 

Бұған дейін үкімет қосылған құн салығы бойынша төменгі шегін 78 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынған еді. 

Талқылау