Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сеулде қақтығыс болған: Оңтүстік Корея парламенті төтенше әскери жағдайды алып тастады

Оңтүстік Корея астанасы Сеулде төтенше әскери жағдайдың енгізілуіне байланысты қақтығыс болған. Артынша республика парламенті төтенше жағдайды алып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Әлеуметтік желіден алынды

Әлемдік БАҚ-та Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл әскери жағдай жариялағаннан кейін ел астанасындағы жағдай күрт ушығып кеткені туралы хабар тарады.

Сеулде үкімет ғимараттарының маңында әскери техникалар мен тікұшақтар байқалған. Әскерилер парламент ғимаратына басып кіргені белгілі болды. Наразылыққа шыққан халық пен қарулы күштері арасында қақтығыс болған. Олар парламенттің кіреберісін жабуға тырысқан.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, әскери жағдайға қарсылар президентті конституцияны бұзды және билікті тартып алмақ болды деп айыптайды. Өз кезегінде Юн Сок Ёлдың жақтастары елді тұрақсыздандыруға тырысқан "мемлекетке қарсы күштерден" қорғау қажеттігін мәлімдейді.

Фото: Әлеуметтік желіден алынды (Қарулы күштердің парламентке басып кіруі)

Артынша Корея Республикасының Ұлттық ассамблеясы (парламент) әскери жағдайды алып тастауға дауыс берді. Yonhap агенттігінің хабарлауынша, бұл шараның күшін жоюға 190 депутат дауыс берген. Конституцияға сәйкес, егер парламенттегі көпшілік талап етсе, соғыс жағдайы алып тасталуы керек. Белгілі болғандай әскерилер Корея Республикасының Ұлттық ассамблеясының ғимаратынан шығып кеткен.

Еске салсақ, төтенше әскери жағдаймен қатар Оңтүстік Кореяда барлық БАҚ үшін әскери цензура енгізілді. "Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін" материалдарды жариялауға тыйым салынды. Кез келген саяси қызметке, оның ішінде парламент пен саяси партиялардың жұмысына тыйым салынған еді.

Еске салсақ, осыған дейін Оңтүстік Кореяда төтенше әскери жағдай жарияланғаны туралы жазған едік.

Талқылау