"Көртышқанның күйін кештік": Алматыда тұтас бір көше сатылып кетіп, тұрғындар үйден шыға алмай қалған
Алматыдағы Абай ауылының тұрғындары тұтас көшеміз сатылып кетіп, үйге кіріп-шыға алмай қалдық деп отыр. 12 жыл бойы осы жолмен жүріп келдік деген жұрт, кенет жер иесі табылып қоршап алды деп ашулы. Әбігерге түскен ел тіпті қоршау ішінде қалған көліктерін кранмен көтеріп шығаратын болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Көшесі сатылып кеткен тұрғындар қоршау ішінде қалған көлігін кранмен көтеріп шығаруға мәжбүр болған. Ел аман, жұрт тынышта көшесі қоршауға алынып, үйінен шыға алмай қалған тұрғындар он екі күн бойы көртышқанның күйін кештік дейді.
"12 күн болды кәдімгі қамауда отырмыз. Видеода көрдіңіздер ғой машинаны қалай шығарғанымызды. Кранмен шығарып алып жатырмыз", – дейді Абай ауылының тұрғыны Берік Салыбеков.
Өзен бойын жағалап, жарға жармасып әзер өтіп жүрміз деген жұрт қай күні құлап кетеміз деп қорқып отыр. Ол аздай бұл жерді маскүнемдер мен нашақорлар мекен етіп алғанын айтады. Енді қызымыз оқуға, ұлымыз жұмысқа бармай қамалып отырмыз деп мұң шақты.
"Өрт сөндіру қызметі бар. Полиция қызметі бар, ешкім де кіре алмайды. Елуден артық адам тұрады осы жерде, арасында ДЦП-мен ауыратын адамдар бар. Үлкен кісілер бар", – дейді Абай ауылының тұрғыны Берікжан Серікболұлы.
Ал жердің заңды иесі бұл 26 сотық жер телімін 2006 жылы сатып алғанын айтады. Маңайындағы үйлерге құжатты 2009 жылы берген деп отыр. Демек, әкімдік жер сатпас бұрын, алдымен ол жерге жолды бөлу керек еді дейді.
"Әрине, мұның барлығын әкімдік былықтырып отыр. Мына адамдарға жер бергенде жиырма адам қол қояды. Бірінші архитектор мына жерде жол бар деп қол қояды", – дейді жер иесі Базаркүл Исаева.
Бұл туралы жергілікті билік өкілдері пікір білдірді.
"Құжат бойынша бұл жерде жол жоқ. Бұл жердің конфигурациясын өзгертіп беретін болдық. Мына жақтан жол қалдырамыз. Және сол кеткен жолды алдынан қосып береміз", – дейді Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Еламан Өмірбеков.
Бұған қоса, әкімдіктегілер он күн ішінде мәселе шешіледі деп сендірді.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
