Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Артында әйелі мен үш баласы қалды": Алматыда күзетшіні өлтірген ер адам туралы тұрғындар айтып берді

Алматыдағы элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінде күзетшіні қатыгездікпен өлтірген ер адамға қатысты көршілері айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Кісі өлтіру оқиғасы Самал шағын ауданында орналасқан "Меркур Таун" тұрғын үй кешенінде түнгі сағат үштер шамасында болған. Тұрғындардың айтуынша, көз жұмған күзетшінің есімі Нұрбол Қайыпбаев, ол 30 жаста болған. Артында әйелі мен үш баласы қалды.

“Ол өте сабырлы және жанашыр адам еді. Жұмысқа Талғар қаласынан келіп кететін Ол өте жақсы жұмыс істеді, мұнда барлығы оны құрметтейтін еді”, – дейді Андрей есімді тұрғын.

Кісі өлтірді деп айыпталған күдіктінің аты-жөні Асқар Тастандиев. Тұрғындардың айтуынша, ата-анасы күзетшілерден ұлдары мас күйінде көлік жүргізсе сыртқа шығармауды сұраған екен. Ол жиі ішімдік ішетін, дейді тұрғындар.

“Түнде қақпалар жабылады. Бүгін түнде Асқар кеткісі келгенде күзетші оны сыртқа шығармай қойған”, – дейді тұрғындар. 

Нұрбол қақпаны жауып жатқан кезде ашулы жігіт көлікпен күзетшіні бірнеше рет басып өткен.

Ауыр жараланған күзетшіні тұрғындар таңертең ғана байқаған. Тұрғын үй кешенінде де жұмыс істейтін Самат есімді азамат оны ауруханаға жеткізген. Күзетші ауруханада көз жұмды. 

Тұрғындардың айтуынша, күдікті бүкіл тұрғын үй кешенін қорқынышта ұстаған. Көршілері оның ескірткі қолданатынын да айтты. 

"Оны дөрекі мінез-құлығы үшін бірнеше полиция алып кетті. Мен оның сол түні мас болғанына сенімдімін. Нұрболды өлтіргеннен кейін үйіне жүгіріп кіріп, балконға қамалып алған, тіпті секіргісі келгенін де айтады. Полицейлер оны сол жерден жарты сағатта әрең шығарып алды", - дейді Самат есімді тұрғын.

Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

“Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жанжал салдарынан 45 жастағы ер адам күзетшіге өлімге әкелген дене жарақатын салған”, – делінген полиция хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда 45 жастағы ер адамның өзі тұратын тұрғын үй кешенінің күзетшісін қатігездікпен өлтіріп кеткені туралы жазған едік. 

Талқылау