Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көрші елдермен теңесуі керек – Энергетика министрі Қазақстандағы бензин бағасы туралы

Қазақстанда жанармай бағасы көршілес елдердегі бағалармен теңеседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сатқалиев

Фото: freepik.com

Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.

"Реттеуді алып тастаудың мәні де осында – бағаны нарық сұраныс пен ұсыныс жағдайына байланысты өзі анықтайды. Бағаға көптеген факторлар әсер етеді, соның ішінде мұнай-газ инфрақұрылымына инвестиция қажет екені және мұнай өнімдерін сатумен айналысатын желілердің шығындары да бар", – дейді министр. 

Сәтқалиевтің айтуынша, егер нарықты толықтай реттеусіз жіберсе, жанармай бағасы көршілес елдермен теңесуге тиіс. Қазақстанның солтүстігі Ресеймен, ал оңтүстігі Орталық Азия мемлекеттерімен. Бұл қазақстандық мұнай өнімдерінің көлеңкелі экспортын азайтуға мүмкіндік береді. 



"Мемлекеттің нақты бір бағаны белгілеу мақсаты жоқ, алайда әлеуметтік жағдайды да ескереміз. Жанармай бағасы әлеуметтік тұрғыдан жауапты деңгейде болып, мұнай өнімдері нарығын тұрақсыздандырмауы керек. Сондықтан бағаның өсуі жүйелі және кезең-кезеңімен, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бақылауымен жүзеге асырылады", – деді министр. 

Оның айтуынша, болашақта Қазақстандағы бензин бағасы нарық заңдарына сәйкес Ресейдегі деңгеймен теңесуі мүмкін. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасын мемлекет тарапынан реттеу алынып тасталғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 26 Ақпан, 2025 19:16
Талқылау
`