Көрші елдерде қиын күн туса, біз шетте қалмаймыз – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентке іссапармен барған кезде Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде ашық сауда, тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы қағидаттарын берік ұстанатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысының сөзінше, еліміз барлық серіктестерімен өзара сенімге, ашық диалогқа негізделген қарым-қатынас құрады.
"Сауда-саттық – дамудың көзі. Жекелеген елдермен қатар, тұтас аймақтардың өзі сауданың арқасында өркендеп, көркейе түсті. Қазақстан Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын сауда жолдарының тоғысында тұр. Бұл – біздің географиялық ерекшелігіміз ғана емес, тарихи тағдырымыз деуге болады. Демек біз еліміздің маңдайына жазылған осы стратегиялық мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Сондықтан Қазақстан аса маңызды халықаралық көлік-логистика жобаларын жүзеге асыру ісіне белсенді түрде қатыса бермек. Біздің негізгі мақсатымыз бәріне түсінікті деп ойлаймын", – деді Тоқаев.
Тоқаев тағдыр қосқан көршілес елдермен жемісті және жан-жақты ынтымақтастықты нығайта беретінін алға тартты. Президенттің айтуынша, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, байыпты және байсалды сыртқы саясатты жүргіземіз.
"Қазақта "Көрші ақысы – Тәңір ақысы" деген сөз бар. Көрші мемлекеттердің бәрімен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біз қашанда бұл мәселеге айрықша мән береміз. Көршімізде өрт шықса, оның жалыны бізді де шарпиды. Сондықтан іргелес елдердің бәрінде тыныштық пен тұрақтылық болғанын қалаймыз. Әрине, мұның барлығы – уақытша қиындықтар. Ең бастысы, біздің бағдарымыз айқын, жолымыз ашық. Алға қойған мақсаттарымызды міндетті түрде іске асырамыз. Үкімет пен әкімдердің негізгі міндеті – қолға алған реформалар мен жобаларды тиянақты жүзеге асыру. Сонда ғана ұлттық экономикамыз да тұрақты даму жолына түспек", – деді президент.
Еске салайық, бұған дейін президент әлем кейінгі ондаған жылда болмаған ең ауыр дағдарыстың табалдырығында тұрғанын мәлімдеді.
“Алпауыт мемлекеттер бір-біріне қарсы "тариф майданын" ашқан соң, өндіріс пен сауда тізбегі бұзылды, нарықтар құлдырап, шикізат бағамы тұрақсыздана бастады. Бұл барлық елге, соның ішінде Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз. Қазір жоғары тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жарияланғанымен, нарықтағы жағдай өте тұрақсыз. Сондықтан біз осынау экономикалық дүрбелеңнің Қазақстан экономикасына тигізетін салдарын жоюмен айналысып жатырмыз”, – деді Тоқаев.