Коронавирусқа қарсы вакцина кері әсерін берсе, не істеу керек
Коронавирусқа қарсы вакцина кері әсерін берсе, не істеу керек екені туралы "Астана медицина университеті" қалалық жұқпалы аурулар орталығының бөлім меңгерушісі Зәуреш Смағұлова айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Маманның айтуынша, ондай арнайы жағдайларға алгоритм қарастырылған.
"Әрине, қандай болса да, вакцина енгізілгеннен кейін кері реакция болуы мүмкін. Ол енді болатын нәрсе. Нақты алгоритм бар. Вакцинациямен айналысатын дәрігерлер алгоритмді нақты біледі және көмек көрсете алады", - деді дәрігер ОКҚ онлайн-брифингте.
Сонымен қатар, маман вакцинадан кейін дене қызуы көтеріліп, тұмау көріністері байқалатынын айтты. Оған қоса, бөртпелер де пайда болуы мүмкін екенін айтты.
"Бірінші топ - жалпы реакциялар. Мысалы, дене қызуы, тұмаудың көріністерінің байқалуы. Екінші топ - денедегі нақты өзгерістер. Сол вакцина енгізілген жерде қызару, қышыну реакциялары болуы мүмкін. Сол әсердің түріне байланысты әртүрлі көмек көрсетіледі. Қызбасы болса, қызуды төмендететін препараттар беру. Жергілікті реакция болған кезде көбінесе ешқандай дәрі-дәрмек тағайындамаймыз. Ол вакцинациядан кейін болатын реакция деп саналады. Жергілікті әсері болған кезде ешқандай кері болмайды. Жалпы температураның жоғарылауы болса, әрине ондай жағдайларда стероидті емес, қабынуға қарсы препараттарды береміз", - деді маман.
Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда вакцинация 1 ақпанда басталатынын хабарлаған болатын. Алдымен осал топтағы адамдарға екпе егіледі.