Коронавирус эпидемиясының күтпеген жерден оң әсері байқалды
Қытайда коронавирусқа байланысты кәсіпорындарының жұмысы мен көліктердің қысқаруы елдегі экологиялық жағдайға жағымды әсерін тигізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Америкалық ғарыш агенттігі (NASA) мәлім етті.
Сарапшылардың ақпаратына сәйкес, 2019 жылы желтоқсанда пайда болып, жаппай тарала бастаған коронавирустың кесірінен Уханьда төтенше жағдай жарияланып, қала карантинге жабылған еді. Нәтижесінде Уханьдағы көліктердің саны мен зауыттардың жұмысы қысқарыпты. Бұл жағдай індеттің таралуын тоқтату үшін жүзеген асырылған еді.
NASA мамандары зауыт-фабрикалардың жұмысының тоқтауы елдің экономикалық жағдайына өз ауыртпашылығын әкелсе де, Уханьның экологиясына айтарлықтай жағымды әсерін тигізгендігін айтып отыр.
"Біз бірінші рет елдегі кәсіпорындардың жұмысының тоқтатылуы осындай оң нәтижеге алып келгендігін байқап отырмыз", - деп мәлімдеді срапшылар.
Алғашында оң өзгерістер тек Уханьда байқалса, кейіннен бұл жайт қала маңындағы басқа да провинцияларда көрінген. NASA-ның хабарлауынша, 2020 жылдағы ауа сапасының көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда 10-30 пайызға жоғары болыпты.
Зерттеушілердің сөздерінше, бұған ұқсас жағдай 2008 жылы байқалыпты: осы жылы орын алған қаржылық дағдарыс та экологияға жағымды ықпалын тигізген. Десек те мамандар қазіргідей күрт емес, ол кезде ауа сапасы бірте-бірте тазаланып келгендігін қосты.