Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қорқып қалдық": Семейліктер саңылаулар пайда болған ескі көпірмен жүруден бас тартты

Семей қаласында жарты ғасыр бұрын салынған ескі көпірдің тозығы жетіп, қауіпті жағдайға айналды. Тұрғындар өткелдің бетондарында жарықшақтар мен саңылаулар пайда болғанын айтып, көпірмен жүруден бас тартып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде тараған суреттер мен видеолар халықтың үрейін күшейтіп, жүргізушілер бұл жолмен жүруге қорқып қалған. Көбі арғы бетке жету үшін басқа жолдарды пайдалануға мәжбүр, бұл өз кезегінде уақыт жоғалтуға әкеп соқты.

"Әлеуметтік желіде таралған фотосурет бойынша ана жарықшаға байланысты қазір бұл жолмен жүруді тоқтаттық. Себебі өте қауіпті. Енді күрделі бір жөндеуден өткізу керек шығар... Содан кейін барып бірақ жүру керек. Тіпті, жүруге қорқып қалдық", – деді қала тұрғыны Жарқын Ұзақбаев. 

Жергілікті билік мәселені бақылауда ұстап отырғанын айтады. Сараптама қорытындысына сәйкес, көпір әлі де пайдалануға жарамды. Бірақ қауіпсіздікті сақтау үшін жолақтар саны төрттен екіге дейін қысқартылған. Сондай-ақ жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды.

Абай облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Есеев қазір көпірдің жағдайы эксплуатацияға жарамды екенін айтады.

"Сараптама қорытындысына сәйкес, Семей әкімдігі мен жол полициясы бірлесіп көпірдегі жүктемені азайту мақсатында жолағын шектеу шешілді. Көпірде рұқсат етілген ең жоғарғы массаны белгілеу шарасы қабылданды. Сондықтан қазір көпірдің жағдайы эксплуатацияға жарамды", – деді Асхат Есеев.

Алайда тұрғындар биліктің бұл шешіміне күмәнмен қарап отыр. Көпірдің астынғы құрылымдары ауа райының әсерінен қозғалады деген түсініктеме халықты сендірмеген. Ал әлеуметтік желіде көпірдің жағдайына қатысты әзіл видеолар таратып, қорқыныш ұялатқан кейбір азаматтар айыппұлға тартылған.



Еске салайық, бұған дейін 15 наурыз күні Батыс Қазақстан облысындағы Шідерті өзені көтеріліп, уақытша көпір мен жолдарды шайып кетті. Салдарынан үш бірдей ауылдың тұрғындары ауданға қатынаудан қалды. Еріген қар суы Сырым ауданы Аралтөбе ауылының маңындағы Жымпиты-Ақсай тас жолында орналасқан уақытша көпірді бұзған. Бұл көпірді 2024 жылы негізгі көпірдегі жөндеу жұмыстарына  байланысты салған еді. Су көпірдің бетон плиталарын шайып кеткен. Қазір көпір арқылы көлік қозғалысы тоқтатылды. Аралтөбе,Талдыбұлақ пен Ақтайсай ауылдарының тұрғындары аудан орталығына көлікпен қатынай алмай отыр.

Талқылау