Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вакцинаға кезек: Алматылықтар не себепті екпе алғылары келетінін түсіндірді

Алматыда 2 сәуірде жаппай вакцинациялау басталды. Кез келген қала тұрғыны арнайы бекітілген ауруханалармен вакцинациялау нүктелеріне барып, екпе салдыра алады. Stan.kz тілшісі республика сарайындағы және нөмірі 12-ші қалалық ауруханадағы вакцинациялау орталықтарындағы жағдайды көріп, вакцина салдырған қала тұрғындарымен әңгімелесіп қайтты.

Алматыда вакцина салдыруға ниеттілердің қарасы көп. Келгендердің басым көпшілігі вирусқа қарсы тұрудың басқа жолы жоқ екенін айтады. Кез келген адам өзін-өзі қорғауы үшін екпе алғаны жөн дейді олар. Дегенмен вакцина салдыруға келгендер  қорқыныштары бар екенін жасырмайды. 

"Шыны керек іштей қорқыныш бар. Бірақ қазіргі таңда туып тұрған қауіп әлдеқайда күрделі. Вакцина салдырмасам, бұл қауіпке қарсы тұру мүмкін болмай тұр. Әрине, вакцина жанама әсер беруі мүмкін. Алайда барлығын саралай келе, вакцина салғызып, сақтанғанды жөн деп санадым. Әрбір адам өзін қорғау үшін вакцина салғызады деп ойлаймын", - дейді Ақмарал. 

Вакцина салдыруға келген қала тұрғындары бұл қадамға өз еркімен барғанын айтып, басқа да қазақстандықтарды вакцина салдыруға шақырды. Олар індеттен құтылудың басқа жолы жоқ екенін жеткізді. 

"Вакцина салдырудан қорықпаймын. Вакцина салдырмайтын болсақ, біз жазыла алмаймыз, бұл індеттен құтыла алмаймыз. Кейбір адамдар сылтау іздеп, вакцинаның қажет емес екенін айтып жатыр. Мен вакцина салдыруға өз еркіммен келдім", - дейді Асхат. 

Ал вакцина салғызған Александр екпеден кейін өзін жақсы сезініп тұрғанын айтады. Оның сөзінше, вакцинациялау процесі өте тиянақты түрде жүргізілді, қажетті тексеру шараларының барлығы жасалған. Ол Спутник V вакцинасын Қарағандыда құйылған нұсқасын салдырған.

"Вакцина салдырғаннан кейін өзімді жақсы сезініп тұрмын. Қан қысымымды, жүрек соғысымды, сатурацияны тексерді. Артынша вакцина салды. Жиырма минуттай отырдық. Содан кейін жағдайымызды тексерді, дезинфекция жасады, маскамызды ауыстырдық. Вакцинаны алдағы уақытта коронавирус жұқтырмау үшін салдырдым. Бастапқыда анкета толтырғанда Спутник V вакцинасы емес, басқа вакцинаның атауы жазылып тұрды. Артынша бізге бұл Қарағандыда құйылған Спутник V вакцинасы екенін түсіндірді. Екпе толық сертификатталған", - дейді Александр.



Қалалық 12-ауруханада да адам аз емес. Емхананың терапевт дәрігері Бибигуль Нургожинаның сөзінше, медициналық мекемеде вакцина жеткілікті. Науқастардың ешқайсында жанама әсер байқалмады. Тек дене қызуы көтеріліп, ауырсынулар болған көрінеді. Маман вакцина салдырғаннан кейін қалай күтіну керек екенін айтып берді. 

"Қазіргі таңда біздің ауруханада Спутник V вакцинасының Қарағандыда құйылған нұсқасы салынып жатыр. Қазіргі таңда ауруханада вакцина жеткілікті, адамдардың вакцинаға деген сұранысы жоғары. 2-3 күн ішінде сізде мынадай әсерлер байқалуы мүмкін: дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшықеттердің ауруы, бас ауруы, бас сақинасының ұстауы, екпе алған жердің ауруы байқалуы т.с.с. Мұның барлығы қалыпты әсер, яғни, сіздің ағзаңыз күресіп жатыр. Егер сізде ешқандай әсер болмаса, вакцина жұмыс істемеді деген сөз емес. Әркімнің бойында әртүрлі жағдай болуы мүмкін, біреулерде жанама әсер мүлдем болмаса, біреулерде барлығы кездеседі. Оның қандай факторларға байланысты екені әзірге белгісіз. Үш күн ішінде физикалық күш түсіруге, алкоголь ішуге болмайды, вакцина жасалған жерді буламаған абзал. Ұйқыңызды қандырып, демалыңыз, жақсылап тамақтаныңыз, күйзелісті шектеңіз, вирустан басқа да тәсілдер арқылы қорғануға тырысыңыз", - дейді дәрігер Бибигуль Нургожина. 

Дәл осы 12-емханада вакцина салдырған Анна есімді 80 жастағы әжей де жағдайының жақсы екенін жеткізді. Жарты сағат бұрын ғана екпе салғызған әжей вакцина салдырудан қашпау керегін айтты. 

"Менің жасым 80-де. Өлімнен қорқынышты ешнәрсе жоқ. Сондықтан мен вакцина салдырудан қорықпадым. Қазір ғана екпе салдырдым. Жарты сағат күту керек екенін айтты. Жағдайым өте жақсы", - дейді Анна. 

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда жаппай вакцинациялау бастағаны туралы жазған болатынбыз. 

Оған қоса, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев Алматыда жаппай вакцинациялау бірнеше күнге тоқтатылғанын мәлімдеген болатын. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр