"Тексіз неме": Үндістанда жергілікті тұрғындарға тиісіп, боғауыз сөздер айтқан блогер Қайсар Қамза қазақстандықтарды ашуландырды

Желіде қазақстандық блогер Қайсар Камзаның Үндістанға сапары кезінде түсірілген видеосы қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кадрлардан блогер Қайсар Камзаның Үндістанда жергілікті тұрғындарға тиісіп, балағат сөздер айтқанын көруге болады.
Блогердің бұл әрекеті желіде екіұдай пікір қалыптастырды. Қолданушылардың бір тобы оны сынап тастады.
“Көргенсіз, қазақ емес тексіз неме”, “Тәубе есігі ашық тұр, әлі де ойлан”, “Бір күні шетелдің сотының алдында тұрмасаң болды”, “Мәне сендерге Қазақстан”, “Көп құтырған бір жылайды”, – деп жазған олар.
Ал екінші топ блогерді қолдап, демалыс кезде уайымсыз қыдырған дұрыс екенін жазған.
“Бүкіл қазақ үшін осы жігіт демалып жүр”, “Осы жігітке ризамын, міне таза өмір”, “Жарайсың”, “Демалған соң осылай жүру керек”- деп жазған.
СІМ не дейді?
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта Үндістан билігі Қазақстан азаматы Қ. Камзаның құқықбұзушылық жасағаны жөнінде ресми ақпарат жолдамағанын хабарлады.
Алайда СІМ қазақстандықтарға Үндістанда заң бұзғаны үшін жауапкершілік бар екенін ескертті.
“Үндістан Республикасында қоғамдық орындарда бейәдеп сөз айту мен агрессивті мінез-құлық Indian Penal Code (IPC) нормаларына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін еске саламыз. Атап айтқанда, 290-бап, 294-бап (әдепсіз мінез-құлық пен сөздер), 352-бап (себепсіз күш қолдану), 506-бап (қорқыту), сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау туралы заңдар қолданылады. Санкциялар құқықбұзушылықтың сипаты мен ауырлығына қарай айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейін болуы мүмкін”, – деп мәлімдеді министрлік Tengri Life-қа берген жауабында.
Сондай-ақ ведомство өкілдері шетелде жүрген қазақстандықтар барған елінің заңдары мен ережелерін сақтауға, оның мәдениеті мен дәстүрлеріне құрметпен қарауға міндетті екенін атап өтті.
Мәдениет министрлігі не дейді?
Мәдениет және ақпарат министрлігі блогерге қатысты құқықтық шаралар қабылданғанын хабарлады.
“Министрлік тарапынан блогер Қайсар Камзаға қатысты құқықтық жауап шаралары қабылданды. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда бейәдеп сөз қолдану арқылы қолданыстағы заңнаманы бұзу фактілері бойынша онлайн-платформалардың әкімшіліктеріне хабарламалар жолданды”, – делінген жауапта.
Министрлікте тиісті ескертулер қолданыстағы рәсімдер аясында әртүрлі күндері жіберілгенін нақтылады.
Айта кетейік, бұған дейін казиноны жарнамалаған Қайсар Қамза мен Никонетке қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екені хабарланған еді.