Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі әскерде өз-өзіне қол жұмсау дерегі азайғанын айтты

Фото: Pexels.com

Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков Қазақстан Қарулы Күштерінде суицид саны азайғанын мәлімдеді. Ол 2026 жылы екі жағдай тіркелгенін айтты. Бірақ олардың себептері әлі нақты анықталмаған, тергеу жүріп жатыр дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ол суицид мектептерде, университеттерде және армияда тіркелетінін, бірақ Қарулы Күштерде соңғы жылдары мұндай жағдайдың азайғанын мәлімдеді.

“Суицид барлық жерде, мектептерде, университеттерде және әскерде де бар. Соған қарамастан, Қарулы Күштердегі суицид соңғы жылдары азайып келеді. Өкінішке қарай, биыл бізде екі жағдай тіркелді. Бұл суицид пе, жоқ па, тергеу жүріп жатқан кезде нақты айта алмаймыз”, – деді Мұстабеков.

Ол қазіргі жағдайды жүйелі мәселе деп санамайтынын айтты. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, өткен жылы әскерде екі ұқсас жағдай тіркелген, ал 2024 жылы үш жағдай тіркелген.


"Күн сайын ақша сұрап хабарласқан": Өскеменде қаза тапқан сарбаздың туыстары ұлдарының өзіне қол салғанына сенбейді


"Мереке күндері болғандықтан уақытында ем жасалмаған": Жамбыл облысындағы сарбаздың жұмбақ өлімі туралы тың ақпарат шықты


“Мұны жүйелік мәселе деп айтпас едім. Себебі суицид санына қарасақ, өткен жылы екі жағдай тіркелген. 2024 жылы үш жағдай тіркелді, яғни 2024-2025 жылдармен салыстырғанда төмендегені байқалады”, – деді министрдің орынбасары.

Мұстабеков әскерге шақырылушылар үшін жағдай жақсарып келе жатқанын хабарлады. Ол сарбаздарға әлеуметтік жеңілдіктер мен тұрғын үй жағдайлары қарастырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ биыл жыл басынан бері тамаққа қаржыландыру көбейтілгенін жеткізді. 

“Қазір әскерге шақырылғандар әскери борышын өтеу үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Оның ішінде әлеуметтік жеңілдіктер мен тұрғын үймен қамтамасыз ету бар. Биылдан бастап күнделікті тамақ рационы 28% өсті”, – деді ол.

Қаңтар айында екі қайғылы оқиға тіркелді

2026 жылы 23 қаңтарда Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде 19 жастағы мерзімді әскери қызметкер көз жұмды. Министрлік дерегінше, сарбаз қарауылда тұрған кезде өзіне бекітілген қарудан абайсызда оқ атып, қаза тапқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу гарнизонның Әскери прокуратура бақылауына алынды.

27 қаңтарда Жамбыл облысында тағы бір мерзімді әскери қызметкер қарумен жұмыс істеу кезінде өлімге әкелген жарақат алды. Оның қаза болу мән-жайын Ішкі істер министрлігі тергеп жатыр. Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы тергеу-жедел тобы құрылып, өңірге Қорғаныс министрлігі, Әскери прокуратура және әскери-тергеу органдарының өкілдері жіберілген. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 13:31