Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорғаныс министрінің әйелі әскери техника мен сарбаздарды жинап бейнебаян түсірген (видео)

Еліміздің қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың әйелі патриоттық әнге бейнебаян түсіргені туралы ақпарат тарады. Бейнебаян 2015 жылы жарық көрген екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин/Vsphotoastana

Шенеуніктің әйелі Эльмира Баққали әнші Мархаба Сәбидің сөзіне жазылған “Қазақстан” әніне бейнеклип түсірген. Ол Ұлттық ұланның ән-би ансамблінде ұзақ уақыт қызмет еткен. 

Бейнебаянда шенеуніктің әйелі көшпенділер жауынгері және әскер командирі образын сомдады. Оқиға желісі сарбаздың әскерге шақырылғанынан бастап өрбиді. Бейнебаянда жас сарбаздың әскердегі өмірі көрсетіледі. Ол әнші-командирге ғашық болып қалады. Алайда сарбаз ғашығына қол жеткізе алмайды. Бейнебаян соңында жігіт әскерден оралып, отбасымен әнші-командирдің сахнада өнер көрсеткенін теледидардан тамашалайды.

Бейнеклиптің түсіріліміне әскери техниканың тұтас колоннасы, тікұшақ пен бір топ сарбаз жұмылды. Әнші милитари матадан тігілген иығы ашық костюмды киіп, патриоттық ән шырқады. 

2014 жылы Руслан Жақсылықов Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы болып тағайындалған еді. Ал бейнеклип Эльмира Баққали ансамбль құрамында болғанда 2015 жылы жарыққа шыққан. 

Сондай-ақ Эльмира Баққали – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол Ұлттық ұланның ән-би ансамблі би тобының көркемдік жетекшісі болған.



Бейнебаянды көрген соң оны түсіруді кім ұсынды, кім қаржыландырды деген заңды сауал туады. Ондағы адам саны мен әскери техниканы ескерсек, түсірілімге үлкен қаражат жұмсалған көрінеді. 

Бұған дейін 58 жастағы қорғаныс министрі жас әйелі мен кішкентай балаларын көрсеткен еді.

Талқылау