Кореяға барып 2500 доллар жалақы аламыз деген жүзге жуық қазақстандық оңбай алданып қалды
Оңтүстік Кореяға барып, 2500 долларлық жалақыға жұмысқа тұрамыз деп жүзге жуық отандасымыз алданып қалды. “Алаяқтар жазалансын” деп, енді бірнеше күннен бері Алматыдағы Бостандық аудандық ішкі істер бөлімін айналшықтап жүр.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Себебі, жұмысқа орналастырамын деген азаматты полицейлер ұстапты. Полицияға келгендердің арасында Кореяға ұшып барып, құжаттары дұрыс болмай 5 күн бойы жертөледе жатқандар да бар.
Корея әуежайының жертөлесіндегі құжаты жоқтарды уақытша ұстайтын орынды қазақстандықтардың бірі видеоға да түсіріп алған. Топырлаған адам, суық еден, айнала лас дейді көзбен көргендер.
“Бес күн подвалда жаттық. Бес күннен кейін бәрін ақшаға өзіміз сатып алдық. Обратно билетті. Бірақ ол жерде ешқандай виза, приглашение жоқ. Өз қолыммен 500 мың теңге, 1500 доллар бердім”, – дейді олар.
Жүзін жасыруды өтінген азамат тұрақты жұмысын тастап, Кореяға кеткен. Алаяқтарға алданғанын кеш түсінген ол полиция бөлімшесіне арыз жазуға келіпті.
Жоғары жалақылы жұмысқа алданған 85 адамның бесеуі Оңтүстік Кореяның Сеул қаласына алғашқы кезекпен ұшып кеткен. 5 күн бойы жертөледе болған олардың үшеуі өз қалталарынан 136 мың теңгеге билет сатып алып Қазақстанға келді. Ал қалған 2 адам бүгін ұшып келуі тиіс.
Сан соғып қалғандардың көбі алаяқ фирмаға берген 500 мың теңгені қарызға алған, малын сатқан, тіпті, кейбірі астындағы көлігін сатқан. Қазақстанның әр аймағынан жиналған 85 адам берген ақшаларын уайымдайды. Ал тұтындалған Алексей Сурженкоға қатысты екі айға қамау туралы сот шешімі шыққан. Алайда жәбірленушілер оны босатып жіберуі мүмкін деп қауіптенеді.
“Адвокат оны пәтерін кепілдікке қою арқылы үй қамағына жіберуі мүмкін дейді. Ал біз оның бізге ақшамызды қайтарғанын қалаймыз”, – дейді жәбірленуші Сұлтанмұрат Ашпатаев.
“Өзім лично 1000 доллар бердім. Оны қарызға алдым. Енді бұл жерде сондай сөзбен сендіріп қойды. Гарантия, 100 процент деп көндіріп қойды. Қалай сенгенімізді де білмей қалдық даже. Мына жерде 85 адам, бәрімізді отырғызып қойды сөздің шынын айтқанда”, – деді жәбірленуші Еркінбек Пірімқұлов.
Полицияға шағым түсіргендер әзірге 85 адам. Олардың саны артуы да мүмкін екен. Алданған азаматтар бұл іске қатысты қылмыстық іс баяу жүруде деп ренжиді.