Корей қызы Абайдың 200 өлеңін жатқа біледі
Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны, корей қызы Елена Ким Хәкім Абайдың 200 өлеңін жатқа біледі.
Ақмая ауылындағы №49 мектепте 10-сыныпта оқитын Еленаның талабы таудай. Жүзі басқа болғанымен, жүрегі қазақ деп соғады. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзін өмірдегі басты ұстанымы санайды, деп хабарлайды Baq.kz.
«Абай өлеңдерін 5-сыныптан бастап оқып, жаттап жүрмін. Ақын атамыздың асыл сөздері өмірлік тәжірибеде көп көмегін тигізеді. Болашақта да Абай өлеңдерін жаттап, қара сөздерін толықтай меңгергім келеді. Қазір ақынның 200 өлеңін жатқа айтып жүрмін. Болашақта филолог болсам деймін», – дейді оқушы Елена.
Өлеңді шабытпен оқып, сөздің мәнісін салмақтай білетін өнерлі өрен талай сында дараланды. Республикалық, облыстық Абай оқуларында топ жарды. Пәндік Олимпиадаларда жүлдегер атанды.
«Ерекшелігі, Елена қазақ балаларымен бірге сайысқа түсіп, байқауда жеңімпаз атанып жүр. Оған бесінші сыныптан сабақ беріп келе жатырмын. Елена әрдайым білсем, көрсем деп алға ұмтылып жүреді. Ол тек қана Абайды емес, қазақтың басқа да ақындарының өлеңін оқиды. Содан ой түйе біледі. Достарымен де жақсы араласады, жатсынбайды, барлығымен тең ой бөлісе алады», – дейді №49 орта мектептің мұғалімі Бибігүл Сұлтанова.
Елена Ким қазақ тілін және мәдениетін терең білуге ынталы. Сондықтан, қазіргі күні ол батырлар жыры мен патриоттық сарындағы өлеңдерді де жаттап жүр.
Тағы да оқыңыздар:
Не себепті Мұхаммед Әли спорттан шеттетілді
Қызылордада мектеп оқушысы шахматтан әлем чемпионы болды
Шымкентте арбаға таңылған мүгедек жан тірідей өртеніп кетті